Павлодарлық дәрігерлер бүйрегі істемей қалған 2 жастағы баланы өлім аузынан аман алып қалды. Оған арнайы аппаратың көмегімен ем шара жасалынды. Бұндай ем тек Алматы, Астана сияқты үлкен қалаларда ғана жасалатын. Павлодарда алғаш рет іске асты.

Облыстық балалар ауруханасына 2 жастағы бала ауыр жағдайда түскен. Дәрігерлердің айтуынша, бала өздігінен кіші дәретке бара алмай қалыпты. Бұған бүйректің жұмысын тоқтатуы себеп болған. Ақ халаттылар кіші дәретті катетер арқылы алмақ болғанмен, сәбидің жағдайы жақсармаған. Денесіне ісік жүре бастапты. Содан бірден арнайы аппараттың көмегіне жүгінген. Бұл әдіс ең соңғы мүмкіндік болғанын айтады. Осы құрылығының көмегімен баланың қанын тазарту үшін тамыр арқылы бойға сұйықтық жіберілген. Тек осыдан кейін ғана сәбидің беті бері қарай бастапты.

ҚУАТ АРҒЫНОВ , ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ

Аппараттың көмегімен ем шара жасағаннан кейін 18 сағат ішінде баланың қан талдаулары қалыпқа келе бастады. Екінші күні бала өздігінен дем алды. Біртіндеп бала есін жиды. Үшінші күні анасын палатаға кіргіздік. Баласы анасын танып, талпынғанда анасы қуаныштан көз жасына ерік берді. Бұның барлығы 2023 жылы сатып алынған «Prismafex» аппаратының арқасында жүзеге асты.

Бала 2 апта бойы жансақтау бөлімінде ем алған. Дәрігерлер оның жағдайы жақсарып қалғанын айтады. Қазір палатаға ауыстырған. Жақында үйге шығармақ.

ГҮЛМИРА ИСЕНОВА, АНАСЫ

Ол қазір менің қолымда жүргісі келеді. Мені жібергісі келмейді. Осыдан ақ емнің нәтижелі болғанын аңғардым. Қазір ол аяқтан тұрып, жүруге талпынып жүр.

Ал баланың анасы ақ халатты абзал жандарға алғысын айтты. Ұлына екінші өмір сыйлаған дәрігелердің еңбегіне бас иетінін жеткізді.

Өзгеріс Қуанар, ВАЛЕНТИНА ЛЕОНОВА, ЕА.