Облыстық кардиологиялық орталық инновациялық технологияларды енгізу бойынша Қазақстанда жетекші орындардың бірін иеленеді. Орталық ашылғаннан бері онда 30-дан аса жаңа технология іске қосылды. Олар қандай ота жасауда көмектеседі? Жалпы жүрек аурулары өңірде қаншалықты жиі кездеседі? Тілшіміз баяндайды.

2024 жылдың 5 айында облыстық кардиологиялық орталықта 313 науқас емделді, оның 28-іне операция жасалды. Өкпе артериясына ота, жас пациенттерге Росс операциясы еліміз бойынша тек Павлодарда жүргізіледі. Мамыр айында өңірде алғаш рет жүкті әйелге ұрықты сақтай отырып, жүрекке жоспарлы операция сәтті өтті.

АҚЕРКЕ АҚЫЛЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ КАРДИОЛОГ ДӘРІГЕРІ

Кардиологиялық орталығымыз кардиологиялық көмектің барлық түрін жасайды. Кардиологиялық ем, ем алғаннан кейінгі оңалту алады. Осындай толыққанды циклда өтетін біз Қазақстанда бірегей орталықтың бірі болып табыламыз.

Дәрігерлердің айтуынша, жүрек ауруларының бастапқы кезеңінде бұзылулар байқала қоймайды. Жүрек ішіндегі тамырлардың 50-70 пайызы тарылғанда ауырсыну пайда болады. Ал тарылған түйнектер жарылса, инфарктқа әкеледі.

АҚЕРКЕ АҚЫЛЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ КАРДИОЛОГ ДӘРІГЕРІ

Кейбір кісі «ЭКГ өттім, бәрі дұрыс» деп ойлайды. Бірақ ол жеткіліксіз. Алғаш ауру бастала бастағанда электрокардиографияда ешқандай өзгеріс болмайды. Эхокардиографиясында да өзгеріс болмайды. Оны тереңірек тексеру керек. Сол кезде анықтаймыз. Көбіне жүректің ишемиялық ауруы бар науқастар «мен аяқ астынан инфаркт алдым», «қалай болып қалды?», «мен саумын» деп айтады. Кейде бізге жоспарлы немесе шұғыл келген науқастарға жүрекке ота жасау керек екенін білгенде, ол кісілерге қиын болады.

Жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар адамдардың қан қысымын күніне кемінде үш рет өлшеп, дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмекті қабылдауы қажет. «Ыстықта тәтті газдалған сусындар мен алкогольді ішімдіктерді ішуге болмайды. Олар қан қысымының жоғарылауына әкеледі», - деп ескертті мамандар. Оның орнына су, көк және қара шай, жалбыз, тасшөп, жидек шырынынан жасалған сусын ішкен жөн.

ЖҰЛДЫЗ ҚАБЫЛДЕНОВА, ЕА