Бурабайдағы лагерьде медбике болмаған. Павлодар облысынан демалуға барған 15 жетім бала суық тиіп, ауырып қалды.

Бұндай келеңсіздікті осы лагерге барған Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова анықтапты. Оның айтуынша, 6 баланың қызуы көтерілген. Алайда, оған ешкім жедел жәрдем шақырмапты. Ол лагерге бара салысымен жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер сол жердегі ұзын саны 15 баланы ауруханаға жатқызған. Ал осы дерекке байланысты Павлодар облысының білім беру басқармасын сауал жолдаған едік. Алайда, жауап қатпады.

ГҮЛЖАЙНА ДАРИМОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ

Лагерде дәрігер атымен жоқ. 250 баланы қабылдап отырған мекемеде мұндай болу деген сұмдық. Тіпті, тазалықтың өзіне мән берілмейді. Содан болып та балалар ауырып жатқан шығар. Сондықтан, лагерлерге тексеру жүргізуді талап етемін. Бұл біз білетін ғана. Біз білмейтіндер қаншама?