Арнамызда қала күніне орай «Менің сүйікті қалам» айдары жарық көрген болатын. Осыған орай, өңіріміздің дамуына үлес қосып келе жатқан жандар жайлы айтуды жалғастырамыз. Олардың бірі - белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Нұрсұлу Қайдарова.

Нұрсұлу Шәріпқызының екі жоғары білімі бар. Ол көп жылдарын балаларға сабақ беруге, олармен жұмыс істеуге арнаған. Психология саласында он жыл еңбек етті. Оның нәтижесінде мол тәжірибе жинақтаған. Кәсібилігі мен жоғары дағдылары арқасында қазір белсенді ұзақ өмір сүру орталығын басқарып отыр. 25 жылдан бері қаламызда тұрып келе жатқан кейіпкеріміз өткенге көз жүгіртіп, жастық шағын сағынышпен еске алды.

НҰРСҰЛУ ҚАЙДАРОВА, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

16 жасымда Павлодар педагогикалық институтына оқуға түстім. Төрт жыл оқығаннан кейін мен физика пәнінің мұғалімі болып шықтым. Содан кейін бұл қаладан көшіп кеттім. Бірақ әрдайым, осы өңірді аңсап тұратын едім. Себебі, оқу оқыған жылдарымда бауыр басып, қатты ұнатттым. Кейіннен тұрмыс құрдым. Солай Екібастұз қаласына келіп, қайтадан Павлодарға оралдым. Содан бері міне 25 жылдан астам уақыт өтті. Әрине, қаламыз өте ұнайды. Мұнда өзіме көптеген жақын достар таптым. Павлодар - менің студенттік қалам, Павлодар - менің жастық шағымның қаласы.

Кейіпкеріміз өзінің студенттік жылдарын жиі еске алады. Өткеннің бейнелері оның жадында ыстық естелік болып сақталған екен.

НҰРСҰЛУ ҚАЙДАРОВА, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Мен әлеуметтік желіден біздің студенттік жылдардағы бейнелерді, жазбаларды жиі қарап отырамын. Қаншама уақыт ішінде қаламыз гүлденіп, жарқырап келеді. Әсіресе, қазір зәулім үйлер бар. Мысалы, мен тұратын үй бұрын «Кутузов» болған. Қазір үйіміздегі маңдайшалар өзгеріп, біраз жаңартылып, әдемі болып кеткен Барлық өзгерістер, әрине, тек жақсы жаққа қарай жасалынып келеді деп ойлаймын.

Қазіргі таңда, Нұрсұлу Қайдарова сүйікті қаласында қоғам белсендісі атанып, көптеген павлодарлықтарға қол ұшын созып жүр. Ал, қаламыз, кейіпкеріміз айтпақшы жылдан-жылға дамып, құлпыру үстінде келеді.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, АНАСТАСИЯ ЕРШ, АЛЕКСЕЙ МЕХЕДОВ, ЕА