Павлодар облысында 28 ауыл орталықтандырылған су құбырына қосылмаған. Бұған елді-мекендердегі халық санының 500 адамнан төмен болуы себеп. Аймақта халықты таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 92 пайызды құрады.
Павлодар облысында ұзын саны 352 елді-мекен бар. Оның 224-і орталықтандырылған таза ауыз суға қосылған. Қалған 128 елді-мекен тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. Ал болашағы жоқ 28 ауылға ауыз су құбырын тару мүлдем қарастырылмаған. Бұған халық санының 500 адамнан кем болуы себеп.
Биыл 16 ауылға су құбыры тартылатын болады. Бұған 2,2 млрд теңге бөлінген. Осы жылы өңірдегі сумен қамту көрсеткіші 99,3 пайызға жетеді деп жоспарланған.
ГҮЛБАРШЫН АРЫНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Қала халқын сумен қамту 97 пайызды құрайды. Биыл 5,3 млрд теңгеге 6 жоба іске асырылатын болады. Су құбырын тарту жұмыстары аяқталғанда, сумен қамту 98 пайызға жетеді. Ал шаһар халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамту үшін 10 жобаның құжаты дайындалып жатыр. Бұл 2 Павлодар, Саяжай, Лесозауыт аумағындағы үйлерге қатысты. Қазір барлық жобаның егжей-тегжейлі жоспары пысықталынуда. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін жобаға қаражат сұрау үшін министрлікке құжаттар жіберілетін болады.
Жетекші ауылындағы су құбырының жыры бітер емес. 3 жылдан бері су құбыры пайдаланылуға берілмеді. Бұған мердігердің жұмысты орта жолдан тастап кетуі себеп.
ГҮЛБАРШЫН АРЫНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Биыл қалалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Су құбырын тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Қажетті жабдықтар барлығы алынды. Бұл жоба ауылдың екінші бөлігін сумен қамтуға бағытталған. Ескі су құбырында апат болып, ауыл сусыз қалған болатын. Қазір табылған ақауларды жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл су құбыры іске қосылатын болады.
Былтыр Екібастұз қаласын сумен қамту жұмысы толық аяқталды. Қала 100 пайыз су желісіне қосылған. Ал Ақсу қаласында жаңа салынған шағын аудандарға су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін аяқталады - деп күтілуде.
Өзгеріс Қуанар, Евгений Олейник ЕА.