20 шілде күні «Құлагер» ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен бәйге өтті. Бәйге қала күніне арналды. Жалпы саны 70 шабандоз қатысты. Ал басты бәйге аламанды Павлодар қаласының жүйрігі алды. Толығырақ Қымбат Садық баяндайды.
Жылқы десе, ішер асын жерге қоятын, дода десе делебесі қозатын дүйім жұрт ат жарысына тайлы-тұяғы қалмай түгел келді. Бірінші болып жарыс жолына құнан тақымдаған шабандоздар шықты. Бұл сында Қарағанды облысының аты топ жарды. Айта кетейік, жалпы жүлде қоры 7 млн теңгені құрады. Бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен шабандоздар қатысып, олардың қауіпсіздігі үшін де қатаң ережелер сақталды. Ат спортын облыс және қала әкімі, және Омбы қаласынан келген қонақтар арнайы тамашалады.
Бұдан кейін жарыстардың ең қызығы 24 шақырмдық аламан бәйге болды. Оған 20 ат қатысты.Аламанда Успен ауданы шаруақожалығындағы Сафлор деген жүйрік топ жарып, 1.5 млн теңгені қанжығаларына байлады.
Ал, 14 шақырымдық топ бәйгеде Семейдің сәйгүлігі қарсыластарын басып озды. Бабы мен бағы қатар шапқан сәйгүліктердің шабандоздары да рухы мықты жасөспірімдер болды.
Бұл күні қала тұрғындарына теміржол вокзалынан ипподромға дейін тегін автобус қатынасы болды. Бұдан бөлек, тегін палау таратылып, көрермендер арасында лотерия өтті. Онда тұрмыстық техникалар ойнатылды.
Дүбірлі дода тартысты әрі қызықты өтті. Қала күніне арналған шаралар да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Қымбат Садық