Екібастұз қаласының ауылдық аймағының Зеленая роща ауылындағы Қажыбек Алғамбаров атындағы мектептің бастауыш сыныптарына арналып, жаңа ғимарат табыс етілді. Ғимаратты «Табыс» Шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров өз қаражаты есебінен салып берген. Облыс әкімі Асайын Байханов ауылда болып, ғимарат құрылысын көріп қайтты.

Биылғы оқу жылында бизнестің жоғары әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында Зеленая роща ауылындағы бастауыш мектептің 19 баласы оқуларын жаңадан салынған кең әрі жарық кабинеттерде бастайды. Ал, жоғары сыныптар 2018 жылы салынған мектеп ғимаратында оқуын жалғастырады. - Туған ауылына, оның тұрғындарына, болашақ дамуына және бірінші кезекте өскелең ұрпақпен байланысты жоғары әлеуметтік жауапкершілік, әрине, құрметке әбден лайық, - деп атап өтті өңір басшысы.

Туған өңірінің тағдырына бей-жай қарамай, көмек қолын созған барлық меценаттар мен демеушілерге алғысымды білдіремін. Біз өз тарапымыздан азаматтарымыздың әл-ауқатын және облыстың өркендеуін арттыру үшін бар күшімізді саламыз - деді аймақ басшысы. Қосымша ғимараттың жалпы ауданы 143 шаршы метр.

Жанасыл Серікбол