Павлодар қаласында салынған 8 заңсыз құрылыс нысаны анықталды. Олар жеке тұрғын үй құрылысы деп кәсіпкерлік бағытында салынған. Олармен жауапты орган тиісті жұмыстарды жүргізді. Бірқатары сүрілді. Бұл туралы толығырақ келесі сюжетте.

Павлодар қаласында заңсыз өз бетінше құрылыс салу фактілері жиі тіркеліп тұрады. Яғни тұрғындар алдын ала рұқсатсыз жеке тұрғын үй сылтауымен кәсіпкерлік нысандарды салуды көбейтті. Бірақ бұл заңға қайшы және қалалық сәулет бөлімі бұған қатысты мониторинг жүргізеді.

ТИМУР СЕЙІТҚАЛИЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ

Мониторинг барысында қала аумағында 8 заңсыз салынған нысан анықталды. Марғұлан көшесі 317 мекенжайы бойынша тиісті құжаттар әзірленді, сотқа жіберілді. Ол заңсыз салынған болып шықты. Сот процесіне құрылысқа қарсы болған көршілер де қатысты. Сот өз есебінен нысанды толық бұзу керек деп шешім шығарды. Восточный шағын ауданындағы Пятигорская 5 мекенжайындағы нысан да заңсыз танылды. Кәсіпкерлік объектісі салынған. Әкімдік құрылысқа рұқсат бермеген.

Одан бөлек, дәл осы Восточный мөлтек ауданындағы мына дүкенге заңсыз қосымша нысан қосарланған. Яғни жобалық сметалық құжаттамада бір нәрсе, ал салынғаны мүлдем басқа боп шықты. Осы ретте кәсіпкерге айыппұл салынды. Ғимарат бұзылды.

ТИМУР СЕЙІТҚАЛИЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ

Басқа 5 нысан бойынша құрылыс инспекциясына хат жіберілді. Біз олардың шара қабылдауын күтіп отырмыз. Олар айыппұл салып, сотқа жібереді. Сот нысанды бұзу керек деп шешім шығара алады. Ол кезде заңды түрде ғимарат не сатылмайды, не келісімшарттар жасалмайды.

Осылайша, жыл басынан бері Павлодарда 8 заңсыз салынған құрылыс нысаны анықталды. 2023 жылы әкімдікпен 2 объект сүрілді.

Самал Қалиқызы, Юрий Белевский, ЕА