Арнольд Киари сырқаты туралы естіп пе едіңіз? Ол 100 адамның 7 еуінде кездесетін ерекше патология. Павлодарда жылына осындай 4 адамға операция жасалады. Сондай науқастардың бірімен біз тілдесіп келдік.

Махаббат Шапулина 25 жаста. Екінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін жиі бас ауруына шағымдана бастаған. Бас көтертпейтін ауру салдарынан жиі талып, тіпті оң қолы жансыздануға дейін жеткен. Диагнозын анықтау үшін магнитті-резонансты томографиядан өтті. Содан пациентте Арнольд-киари ауытқуының 1 типі анықталды.

МАХАББАТ ШАПУЛИНА, ЕМДЕЛУШІ

Менде соңғы 6 айда күнде басым ауырып жүретін. Басым ауырмайтын күн болмады. Таңертең тұрған кезде басым ауырғаннан шаршап тұратынмын. Құлағымда күні бойы дыбыс болатын. Әрине бұған дейін болатын мұндай ауырсыну, соңғы жарты жылда тіпті өрши түсті. Төмен қарап аяқ киім де кие алмайтынмын. Қатты басым ауыратын. Одан кейін МРТ өтіп, сосын операция жасалды.

Науқасқа өткен аптада Павлодар қалалық №1 аурухананың нейрохирургия бөлімшесінде ота жасалды. Дәрігерлер жұлын сұйықтығы өтетін арнаны кеңейтті.

РАШИД ДҮЙСЕМБАЕВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ НЕЙРОХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ АҒА ОРДИНАТОРЫ

Біз декомпрессия жасадық, желке тесігін кеңейттік. Оның омыртқа жотасының каналын және сүйек каналын кеңейттік. Жұлын сұйықтығы емін еркін өту үшін тазарттық.

Арнольд Киари аномалиясы 100 адамның 7-еуінде кездеседі. Уақытында ота жасалмаған жағдайда науқас сал ауруына шалдығуы мүмкін.

МАХАББАТ ШАПУЛИНОВА, ЕМДЕЛУШІ

Ота жасағаннан кейін күнде таңертең тұрып, бас ауруын күтемін. Бірақ бағыма орай басым ауырмайды. Мойнымнан бастап, басыма дейін ауыратын, қазір бәрі жақсы, басым ауырмайды. Осы ретте дәрігерлеріме алғыс айтамын.

Айта кетейік, дәл осындай оталар біздің облыста жылына 3-4 рет қана жасалады. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жасалды.

Самал Қалиқызы