Студенттік өмір талай жасты табыстырған балғын шақ. Павлодарда студенттер қатарына қабылдау шарасы ұйымдастырылды. Облыстың басты сахнасында жергілікті студент түлектер өнер көрсетті.

Ерке Ертістің жағасында бой көтерген қаланың басты сахнасында студенттік жылдардың басталуын думандата тойлады. Кешегі түлектер қауымы бүгінгі студенттерді өмірдегі маңызды қадаммен құттықтау үшін жиналды.

ДӘУРЕН ШӘРІПОВ, СТУДЕНТТІК ОМБУДСМЕН

Бүгінгі кештің басты ерекшелігі ұйымдастырушы комитет, сахнадағы әншілердің бәрі студенттер немесе 1-2 жыл бұрын оқу аяқтаған түлектер.

Оқу орынының табалдырығын алғаш аттаған жастар студенттік ант қабылдады. Ал көңілді кеште жас, әрі талантты орындаушылар ән шырқады.

МАДИЯР ӘШІР, ЖАС ӘНШІ

Осы жерде бірінші авторлық әнімді жаңадан түсіп жатқан студенттерге арнап айтпақшымын. Студенттерге айтар ақыл-кеңесім келген мүмкіндіктерді жіберіп алмау керек.

Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы да жастар қатарынан табылып, бірінші курс студенттерін өмірдің жаңа кезеңімен құттықтады.

АЙНАГҮЛ СӘРСЕНБАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Ертіс-Баян өңірі әрқашан көрнекті тұлғалармен танымал. Олардың ішінде Қазақстанның бірінші академигі Қаныш Сәтбаев бар. Қаныш ағамыздың бір сөзімен тілек айтып жіберсем: «ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен қарасаныз, сөз жоө жеңіске жетесіздер».

Биыл өңірдегі оқу орындарына 4000-нан астам студент қабылданған екен. Бірінші оқу аптасын аяқтаған студенттер өз әсерлерімен бөлісуге асықты.

ӘЛИ ӘЛИХАН, СТУДЕНТ

Негізі маған өте қатты ұнағаны ол оқу програмасы, өте қызықты. Қала күнінде осы Ертіс Променадқа келгенмін концертке, Адам көп болды, өте қызықты өтті.

ТӘҢІРБЕРГЕН ЖЕТПІСБАЙ, СТУДЕНТ

Студенттік өмір өте жақсы. Барлық мұғалімдер жақсы араласады. Қызықты музыкалар болады, адам көңілін көтереді ол.

Жас студенттер қауымына арналған концерт би кешімен ұласты.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, МЕДЕТ КӘРІМ, ЕА