Павлодарда егін орағы аяқталуға тақады. Биыл дихандар қамбаға 1 млн 114 мың тонна астық құйды. Бұл былтырғыға қарағанда үш есе көп. Ендігі мәселе жиналған өнімді өткізу. Себебі, бидай сапасы төмен. Басым бөлігі 4-ші және 5-ші сұрыпты.

Астықты аудан-Ертісте орақтың соңғы күндері жүріп жатыр. «Талапкер» шаруа қожалығы 20 мың гектар жерге егін салған. Биыл дән жинау жұмыстары созылып барады. Себебі, тамыздың аяғы мен қыркүйектің ортасына дейін жауын көз аштырған жоқ.

Аманкелді Бейсенбинов, «Талапкер» шаруа қожалығының басшысы:

Қиын болды, бір ай тұрдық қой. Кішкене жұмыс істеуге бермей солай тұрдық. Қазір жақсы болып отыр. Қазір қарамаймыз бидайды 18-19 ылғалдылығымен алып отырмыз.

Бидайдың ылғалдылығы қосымша шығын. Себебі, оны екі айналдыра кептіру керек.

Қайрат Құсайынов, «Кәусар» шаруа қожалығының басшысы:

Бізде кептіретін жеріміз жоқ. Болашақта сатып алу керек. Элеваторға тасып жатырмыз. Осы жерден 160 шақырым. Басқа амал жоқ. Су бидайды ешкім алмайды.

Бүгінге дейін элеваторларға 48 мың тонна бидай түсіпті. Оның 21 мың тоннасы үшінші сұрыпты, қамырлылығы жоғары бидай. Ал, 20 мың тоннасы сұрыптау стандартына келмейді. Яғни, сапа жоқ.

Ерлан Тоқтышақов, «Ертіс агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:

Тамыз айындағы толассыз жауған жаңбырдан соң көк қаулап егін сапасын бүлдіріп жіберді. Бүгінгі күні жинаған өнімді өткізе алмай отырмыз. Сапасыз бидайды ешкім алмайды. Сондықтан ендігі үміт майлы дақылдарда. Қазір күнбағысты тезірек жинап алуды ойлап отырмыз. Өйткені, қаржы институттары алдында берешегіміз бар.

Әзірге облыста биылғы егіннің нақты қанша пайызы сапасыз екендігі белгісіз. Ал, әбден пісіп жетілген қызыл бидайдың өзіне баға төмен. Трейдерлер 70 мың теңгеден алып жатыр. Бұл азық түлік корпорациясының қамырлылығы 21 пайыз 4 ші сұрыпты бидайға белгілеген бағасымен пара-пар. Мемлекет 3-ші сұрыпты бидайды қамырлылығы 27 пайыздан асса 100 теңгеден алады. Бірақ қағазбастылыққа салады және элеваторларға тасып беру керек. Сондықтан шаруалар қоймадан өздері келіп алып кететін трейдерлерге тапсыра салуға мәжбүр.

Жанасыл Серікбол