Ауқымды құрылысқа – білікті мамандар қажет
Қазақстанда 2027 жыл Құрылыс жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елімізді ауқымды құрылыс алаңына айналдыру міндетін қойды. Бұл үшін жаңа жобалар мен инвестиция ғана емес, білікті мамандар да қажет. Павлодарда болашақ құрылысшылар, сәулетшілер мен инженерлер қайда даярланады? Алдағы сюжеттен білейік.
Торайғыров университетінде құрылыс саласының болашақ мамандары сәулет және құрылыс факультетінде білім алады. Мұнда урбанистика, дизайн, сәулет, құрылыс материалдарын өндіру, құрылыс инженериясы және автомобиль жолдары бағыттары бойынша мамандар даярланады.
Гюльнар Жүкенова, Торайғыров университеті сәулет және құрылыс факультетінің деканы
Мемлекет басшысы өз Жолдауында инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу сияқты маңызды міндеттерді атап өтті. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда мамандарды сапалы даярлаудың маңызы зор. Қазіргі таңда факультетімізде 900-ден астам студент білім алып жатыр.
Студенттер оқу барысында түрлі кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар университетте дуалды білім беру жүйесі енгізілген. Бұл бағдарлама студенттерге оқумен қатар, таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі құрылыс саласында цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Сондықтан студенттер инженерлік пәндермен қатар, заманауи жобалау құралдарын да меңгереді.
Факультет жыл сайын 150-ден 200-ге дейін маман даярлап шығарады. Университет мәліметінше, түлектердің 90 пайыздан астамы жұмысқа орналасады. Дегенмен құрылыс саласында білікті кадрларға деген сұраныс әлі де жоғары.
Сабина Жолдаспаева