Негізгі Жаңалықтар Өмірге қосылған үлес

Өмірге қосылған үлес

Павлодар облысында әр донордың қаны күн сайын ауруханалар үшін өмірлік маңызы бар ресурсқа айналып отыр. Алайда науқасқа жетпес бұрын қан бірнеше кезеңнен тұратын тексеру мен өңдеуден өтеді. Бұл жұмыс қалай ұйымдастырылған? Алдағы материалда.


Донорлық ұлкен жауапкершілік. Алдымен адамға көмектессем деген ізгі ниет керек. Ең алдымен, болашақ донор медициналық тексеруден өтуі керек. Тек содан кейін ғана қанына мұқтаж жандардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мамандардың жұмысы басталады.

Сауле Игібаева, донорларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі

«Донор болу үшін адамның денсаулығы салыстырмалы түрде жақсы болуы, жасы 18-ге толуы және салмағы кемінде 50 келі болуы керек. Сондай-ақ терапевт пен басқа да мамандардың есебінде белгілі бір аурулар бойынша тіркеуде тұрмауы тиіс. Бұрын туберкулезбен ауырмаған, АИТВ, В және С гепатиттері, мерез сияқты жұқпалы аурулармен ауырмайтын адам донор бола алады. Біз дүйсенбіден жұмаға дейін күн сайын жұмыс істейміз. Донорларды қабылдау таңғы сағат 8:30-дан түскі 13:00-ге дейін жүргізіледі».

Сырт көзге қарапайым көрінетін бұл процедураның артында үлкен зертханалық жұмыс жатыр. Тапсырылған қан сол күйінде бірден қолданылмайды. Ол бірнеше компонентке бөлінеді. Олардың әрқайсысы түрлі диагнозы бар науқастарға қажет болуы мүмкін. Сондықтан қажетті қан қорын жинақтап қана қоймай, оның сапасына да толық сенімді болу маңызды. Жұқпалы аурулардан қорғау мәселесіне ерекше назар аударылады. 

Сара Сыздықова, Павлодар облысы қан орталығының медициналық бөлім бойынша директордың орынбасары

«Павлодар облысындағы қан компоненттерін алушыларды қажеттілікпен қамтамасыз ету мақсатында біз берілетін қан компоненттерінің иммунологиялық және инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инновациялық технологияларды енгіздік. Яғни, біз дайындаған барлық өнімдер мен донор қанының компоненттері арнайы өңдеуден өтеді. Кейін мұздатылған плазманы белгілі бір уақытқа сақтауға қоямыз. Бұл инфекцияның берілу қаупін азайтуға мүмкіндік береді».

Донор қанының әрбір дозасының артында медицина мамандары мен зертханалардың мүлтіксіз әрі жауапты жұмысы, сондай-ақ бейтаныс жанға көмектесуге дайын адамдардың игі ниеті тұр. 


Самал Қалиқызы




Бөлісу