Ерекше такси
Павлодар көшелерінде ерекше такси пайда болды. Көліктің салоны түрлі-түсті безендірулермен көмкерілген, ал ішіне кірген жолаушыларды тәтті кәмпиттердің хош иісі қарсы алады. Жүргізуші қарапайым сапарды шағын мерекеге айналдыруды жөн көрген. Жолаушылар мұндай ерекше сапарды қалай қабылдайды және бұл қызметтің құны қанша? Толығырақ келесі материалда.
Жарқын кәмпиттер, жұмсақ ойыншықтар мен ертегідегідей атмосфера. Бұл көлікке отырған жолаушылар өздерін «Чарли мен шоколад фабрикасы» фильмінің түсірілім алаңына түскендей сезінеді. Ерекше безендірілген салон бірден назар аударып, көрген жанның көңілін көтереді.
Дәурен Жолдаспаев, Павлодар қаласының тұрғыны
«Жалпы, керемет! Алғаш көргенде, тура киноға түскендей әсер алдым. 2000-2010 жылдардағы америкалық фильмдерді еске түсіреді. Ондай фильмдерде ерекше креативті идеялар болып, жүргізушілер адамдардың көңілін көтеру үшін көліктерін безендіріп жатады ғой. Мен бірден назар аудардым. Оның үстіне, көлікте отырып-ақ айналадағы жаңа піскен кәмпиттердің хош иісін сезесің. «Чарли мен шоколад фабрикасы» фильмі еске түседі, тек мұнда шоколад емес, кәмпиттер ғана. Жалпы, өте керемет!»
Рүстем Қарабеков осыдан сегіз жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған. Бүгінде ол сантехник, экскаватор жүргізушісі әрі ерекше таксидің тізгіншісі болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, жолаушыларды бір жерден екінші жерге жеткізумен ғана шектелгісі келмеген. Керісінше, әр сапар арқылы адамдарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауды мақсат еткен.
Рүстем Қарабеков, такси жүргізушісі
«Көлікті безендіруді осыдан 2-3 ай бұрын бастадым. Бұл идеяны тәттіні жақсы көретін балаларым ұсынды. Сөйтіп, көлікті ерекше етіп безендіру туралы ой келді. Такси жобасымен танысқаннан кейін бос уақытымда осы бағытпен айналысуды жөн көрдім. Көлікті безендіруге шамамен 150-200 мың теңге жұмсадым. Қазір басты мақсатым – жолаушылардың көңілін көтеріп, оларға жағымды эмоция сыйлау және сапарын сәл де болса ерекше әрі жайлы ету».
Жолаушылардың пікірі де оң. Клиенттер жүргізушіге жоғары баға беріп, ерекше салонды суретке және бейнежазбаға түсіреді. Кейбірі көлікке көңілсіз күйде отырып, сапар соңында күлімдеп шығатынын айтады.
Рүстем Қарабеков, такси жүргізушісі
«Жолаушылар көлікке отырып, айналаны тамашалап, безендірулерді көре алады. Ал балаларға кәмпит алуға болады. Сондай-ақ газдалған және газдалмаған су, майлықтар да бар».
Алайда жүргізуші мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта көлікке қосымша жарықтандыру орнатуды жоспарлап отыр. Осылайша, әр сапар тек тәтті ғана емес, ерекше эмоцияларға толы болмақ.
Самал Қалиқызы