Павлодар ауданының Розовка ауылында жас та болса, көпке үлгі болатын отбасы тұрады. Олар бір балаға отбасы сыйлап, оны махаббатқа бөлеп отыр. Тілшіміз жалғастырсын.

Максим Кудрявцев пен Кристина Данчук 2020 жылы отбасын құрды. Екеуі де Розовка ауылы мектебінде жұмыс жасайды. Былтыр олардың отбасы Алексеймен толықты. Тағдырдың тауқыметін көрген бала жаңа отбасы мүшелеріне бірден бауыр басты.

Кристина Данчук, Розовка ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі:

2018 жылы жоғары оқу орнын бітіре сала өз туған ауылыма келдім. Осындағы мектеп жанындағы интернатта еңбек жолымды бастадым. Одан кейін күйеуім Максиммен шаңырақ көтердік. Сол кезде біздің Розовка мектебі жанындағы интернатқа Леша келді. Біз оған әркез келіп тұратынбыз. Оны Павлодарға жіберген уақытта да демалыстарда баратынмын. Онымен бірге қыдыратынбыз. Бауыр басып қалдым. Сондықтан оны асырап алуды шештік. Мен негізі бала кезімнен балалар үйінен бала асырап алам деп айтушы едім. Бір балаға болса да отбасы сыйлағым келетін.

Кристинаның бұл идеясын жолдасы бірден қолдады. Максим өзі де балалар үйінің тәрбиеленушісі. Ол Розовка ауылына жоғары оқу орынны бітіре сала жолдамамен келген.

Максим Кудрявцев, Розовка ЖОББМ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

Екеуіміз кездесіп жүргенде бірден бала туралы сұрақ қозғалды. Кристина бірден айтты мен бала асырап алғым келеді деп. Мен өзім Мичурин балалар үйінде өстім. Жақсы тәрбие алдым, адам болдым. Жоғары оқу орнын аяқтадым. Сондықтан ойланғанда жоқпын. Келіншегімнің айтқанымен бірден келістім. Солай бізде Леша пайда болды.

Былтыр қараша айында Алексей осы отбасының қарамағына берілді. Мінезі тұйық, бірақ көңілді балапан бұл жанұяға бірден үйреніп кетті. Ата-анасының айтуынша, қазір сабағы да түзелген. Қоғамға да бейімделген.

Кристина Данчук, Розовка ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі:

Алексей өте жақсы бала. Көмектесуге әркез жақын. Басында үлгерімі төмен болды. Қазір бәрі жақсы бәрін істейді. Математикаға өте жақын. Шахмат та футбол да ойнайды. Үй шаруасында бәрін істейді. 10 жастағы балаға бұл керемет деп ойлаймын.

Алексей Левин, Розовка ЖОББМ оқушысы:

Менің әкем шахмат ойнауды үйретті. Мен отбасымды жақсы көремін. Сабақ қараймын. Үйде ата анама көмектесемін.

Баланың махаббат пен жылулыққа толы отбасында өскеніне не жетсін. Осы сезімді сыйлап отырған ата аналардың жүрегі шексіз мейірімге толы екені сөзсіз.

Самал Қалиқызы