Өткен сенбіде өңірге Тәжікстаннан фермерлер келіп, өз жемістерін сатты. Жәрмеңке тұрғындар арасында қызығушылық тудырды. Сұраныс қандай болды? Тілші материалынан көрейік.

Облыс орталығындағы "Жайлау" фермерлік базары-жергілікті кәсіпкерлер үшін ғана емес, көршілес елдердің фермерлері үшін де таптырмас орталық болып саналады. Мәселен Тәжікстан елінен келген қонақтар жәрмеңкеге тыңғылықты дайындықпен келген. Олар қарбыз-қауын, жүзім, табиғи шырындарын арзан бағада ұсынды. Барлығы 65 тонна өнім әкелінді.

Илхом Холов, Тәжікстан Республикасы үкіметінің жанындағы мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттік өкілі:

Жалпы біздегі бағалар Қазақстан нарығына қарағанда 30% - ға төмен. Мұндай жәрмеңкелерді Астана, Қарағанды қалаларында жиі өткіземіз. Сондай-ақ, Көкшетауда да ауыл шаруашылығы өнімдерін саттық. Алдағы уақытта да Қазақстан нарықтарымен жоғары деңгейде жұмыс істейміз деп үміттенеміз

Қолайлы бағадан бөлек, сатып алушылар осы елдің жемістерінің тәттілігі мен бай дәруменіне қызығушлық танытты. Тәжікстандағы климат, топырақ құнарлығы егіншілікпен ерекше үйлеседі. Жалпы, жәрмеңкеде жемістерден басқа көкөністер, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, нан тұрғындар сұранысына ие болды.

Павлодар қаласының тұрғыны:

 «Мұндағы жәрмеңкелерге жиі келіп тұрамын. Біріншіден нан, ет, жұмыртқан өнімдері арзан. Екіншіден жолақысы тегін, трамвай дәл үйдің алдына тоқтайды. Бүгінгі жәрмеңкеде ұнады, жемістері дәмді, сапалы.

Көршілес елдер өткізетін мұндай жәрмеңкелер өз өнімдерін көрсетуге мүмкіндік беріп ғана қоймай, ынтымақтастық бастамалар дамыта түспек. Айта кетейік, өңір тұрғындарына арналған түрлі жәрмеңкелер әр сенбі сайын өтеді.

Қымбат Садық, Анастасия Ерш