Павлодарда ауыл әкімдерінің форумы өтті. Бүгінде қызметтің осы сатысындағы жандарға артылар жүк көп. Өйткені, мемлекетіміз ауылдар мен елдімекендердің дамуына айрықша назар аударуда. Форум аясында да ауыл әкімдері қызметінің маңызы, елдімекендерді дамыту жолында атқарылып жатқан шаралар легі айтылды.

Павлодар облысында 355 елдімекен бар. Олар 126 дербес ауылдық бюджетке біріктірілген. Осы ауылдардың ішінде 191 ауылдың болашағы жарқын деп бағаланған. Дәл осы 191 ауылда ауыл тұрғындарының 87 пайызы тұрақтаған.

Еліміздегі саяси өзгерістер ауылдан басталғаны белгілі. 2021-жылдан бері Павлодар облысында 118 ауыл әкімі сайланыпты. Солардың бәрі бүгінгі жиында бас қосты.

Ауыл тіршілігіне тың серпін беріп, тамырына қан жүгірткен бағдарламалардың бірі – «Ауыл-ел бесігі». Осы бағдарлама аясында елдімекенге жеткізер жолдар, маңызды әлеуметтік нысандар жаңғырды, жаңадан салынды. Жарық тартылып, ауыз су жеткізілді.

Форум аясында ауыл үшін, ауылдағы халық үшін жасалған шаралар ғана айтылып қана қоймай, алдағы бағыт-бағдар да болжанып, түйткілдер ортаға салынды.

Жанасыл Серікбол