Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің құрылғанына 35 жыл толды. Осыған орай «Достық» үйінде салтанатты шара өтіп, бірқатар әскерилер марапатталды.
Шара мемлекеттік әнұран орындаумен басталды. Әскерилер көк туға бой түзеп тұрып, әнұранға құлақ қойды. 5512 әскери бөлімінің қызметкерлері көк туды қорғау жолында әркез жан аямай еңбек етіп келеді.
Артынша әскери бөлім қызметкерлері марапатқа ие болды. Ардагерлер, офицерлер, қатардағы жауынгерлер құрметтелді. Бас қолбасшы және өңірлік қолбасшы тарапынан қызметте озық әскерилер, оқуда озат сарбаздар марапатталды.
Мират Құсанов, 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:
Әскери бөлімнің 35 жылдығын тойлап жатырмыз. Еліміздің әр облысынан келген жолдастарыммен бірге осында әскери борышымды өтеп жатырмын. Баршасын осынау мерекемен құттықтаймын. Әскери бөліміміз гүлдене берсін!
Әскери бөлімге атқарылар міндет әр қилы. Қоғамдық тәртіпті сақтауға, әр түрлі апаттық жағдайларда елдің қасынан табылуға әрқашан дайын. 1989-жылы жауынгерлік туын қолға алған бөлім, 2022 жылы әскери полк ретінде қайта құрылды.
Әскери бөлім биылғы жылы инспекторлық тексерістен де сәтті өтіпті. Шара аясында сарбаздардың күнделікті оқу-жаттығу кезінде қолданатын қару-жарақ түрлері көпшілікке көрме ретінде ұсынылды.
Жанасыл Серікбол