Павлодар ауданы Мичурин мектебінде республикалық IQANAT олимпиадасының бірінші кезеңі бастау алды. Білім додасы облыстың барлық аудандарында өтеді. Айта кетейік, биыл 1500-ден астам оқушы қатысады деп күтілуде. Толығырақ – келесі сюжетте.

Білім бәсекесінің ерекшелігі – мұнда тек ауылдық жерлердегі мектеп оқушылары қатысты. Павлодар ауданы, Мичурин мектебінде өткен олимпиадаға өңір ауылдарынан 100-ге жуық оқушы келді. Жоба ауыл мектептерінің шәкірттерін ынталандырып, қолдау көрсетуді көздейді.

Нилуфар Мырзакаримова, заңғар ЖОББМ оқушысы:

Айқанат олимпиадасына бірінші рет қатысып жатырмын. Бұл ауылда оқитын балаларға өте үлкен мүмкіндік. Өзіңді дәлелдеп, тәжірибе аласың.

Сайысқа қатысушылар логикалық ойлау, математикалық, оқу сауаттылығы, ағылшын тілі және өздері таңдаған пәні бойынша сынға түсті.

Камила Хабилхаан, Ефремовка ЖББМ 8-сынып оқушысы:

Мен осы Айқанат олимпиадасынан өтсем, мектебіне түскім келеді. Өйткені көптеген армандарым бар. Осы Айқанат арқылы арманыма жете аламын деп олйаймын. Мен үйде отырып Айқанаттан дайындаламын, сабақтарға, қосымшаларға үзбей барып отырамын.

Олимпиаданың берері бар. Мәселен қатысушы Диас Жақсылықтың ағасы былтыр осы мектепке түскен. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында оқуын жалғастырып, білім алуда. Диас та ағасы сияқты білімін Айқанат мектебінде жетілдіруді көздеп отыр.

Диас Жақсылық, Кемеңгер ЖОББМ 8-сынып оқушысы:

Менің ағам Жақсылық Батырбек сол мектепте оқиды. Оның пікірі мектеп жақсы, болашағы бар екенін айтады. Ағам сияқты қатысқым келеді, менің де пікірім сол мектепте болашақ бар.

Оқушылар арасында Қытай елінен көшіп келген Елина да бар. Білім жарысына тыңғылықты дайындықпен келген. Барлық пәндерді ұнатады, алған білімін одан әрі шыңдай түскісі келеді.

Елина Жұмағазы, кеңес негізгі ЖОББМ 8-сынып оқушысы:

Бұрын Айқанат олимпиадасын тыңдғанмын, биыл өзім қатынасып отырмын, Өте қуаныштымын. Айқанат олимпиадасы өте үлкен мүмкіндлік берді.

Айта кетейік, бірінші кезеңнің өткен оқушылар облыстық мәреге қатысады. Одан жеңімпаз атанғандар келесі жылы финалдық бәсекеде білімдерін сарапқа салады.

Қымбат Садық