Екібастұз қаласында белгілі ақын,қаламгер, аудармашы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Екібастұз қаласының құрметті азаматы Жұмағали Бижанұлы Қоғабайдың 75-жылдық мерейтойына арналған «Екібастұздың рухты азаматы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Мерекелік концертке қоғам қайраткерлері, белгілі ақын-жазушылар, тұрғындар жиналды. Келесі бейнематериалға кезек берейік.
Жұмағали Бижанұлы ұзақ жылдар бойы қазақ баспасөзінде қызмет етіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерген танымал публицист. Ол қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, ұлттық бірлік пен мәдени мұраны сақтауға ерекше үлес қосқан жан. Аталған күні Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, өңір басшысы Асайын Байхановтың атынан мерейтой иесіне құттықтау хатын жеткізіп, иығына шапан жапты.
АЙГҮЛ МӘЛІКОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Сізді халқыңыз ақ жүрек азамат, үлкен абырой, беделге ие болған тәжірибелі білікті ұстаз. Қаламгер ретінде адамгершілігіміз үшін құрмет тұтып сыйлайды. Ұлт әдебиетінің өсіп-өркендеуіне қосып келе жатқан еңбегіңіз қажырлы, қайратыңыз арта берсін. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, баянды береке, шығрмашылығыңызға табыс тілеймін.
Мерейтой иесі қаламдас әріптестеріне, қонақтармен барлық қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді.
ЖҰМАҒАЛИ ҚОҒАБАЙ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН, АУДАРМАШЫ
Құрметті қонақтар, құрметті Екібастұздықтар, құрметті көрермендер, менің 75 жылдық тойыма келіп, қолдап,қошемет көрсетіп жатқандарыңызға мыңда бір алғыс, рахметімді айтамын. Қарап отырсам осы Екібастұз қаласына келгеніме 48 жыл болыпты. Сол 48 жылда осы екібастұз қаласы туған жерім болып кетті десем артық емес.
Жұмағали Бижанұлының шығармалары туған елге арналып, махаббат тақырыбын өзек етсе, балаларға арналған өлеңдері бір төбе. Ақынның жас оқырмандары өлеңдерін оқыды.
Әдебиеттегі үлесін насихаттаған замандастары мен әріптестері қаламгердің шығармашылық жолын атап өтіп, қазақ әдебиетіндегі рөлін жоғары бағалады.
ҒАЛИЯ БАЛТАБАЙ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
Жұмағалиді мен Екібастұзда тілші болып жұмыс істеп жүрген кезден білемін. Сол кезде біз осы салт-дәстүріміз, мемлекеттік тіліміз ол кезде әлі тәуелсіздігін алмаған кезде, қазақ тілі қоғамын құрамын деп, алғашқы «Мирас» қоғамын құрғанбыз. Сол кезден бастап осы ұлттың мүддесін қорғайтын мәселелерде бірге жүрдік. Мен Жұмағалиді осы журналисттердің, ақындардың ішінде батыр жігіт деймін. Оның Екібастұз қаласына сіңірген еңбегі зор, Екібастұздықтар оны біледі.
Мерейтой иесінің ұлттық мәдениетке қосқан үлесі, журналистік қызметі кеш барысында айтылды. Кейінен шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Сабина Жолдаспаева