Балалар жазушысы, ақын, жерлесіміз Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдығына арналған «Ғұмырлы өмір» еске алу кеші өтті. Шараға оқушылар, ата-аналар, ұстаздар мен құрметті қонақтар қатысты. Толығырақ тілші әңгімесінде.
Мүбәрак Жаманбалинов-қазақ балалар әдебиетінің көрнекті тұлғасы. Ол балаларға арналған жыр жинағын жарыққа шығарып, әдебиетке мол мұра қалдырған қаламгер. Жерлесіміздің шығармашылығына арналған шаралар орталық балалар кітапханасында жиі өткізіліп тұрады. Кітапхана қабырғасында оқырмандарға ақынның өлеңдері мен шығармалары туралы баяндалды.
АЙНАГҮЛ МАҒЗҰМОВА, ОРТАЛЫҚ БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Бүгін біздің кітапханамызда Мүбәрак Жаманбалиевтің 100 жылдығына орай ғұмырлы өмір еске алу кешін өткізіп отырмыз. Кітапханымызда жыл бойы ақын мерейтойына арналған түрлі шаралар өткізіп келеміз. Бүгінгі еске алу кеші соның жалғасы. Осындай шаралар көбейе береміз. Бүгінгі кешімізге келген қонақтарға Шолпан апай, Талап ағамыз Ертіс ауданынынан, Серік ағамыз, Мүбәрак атамыздың немерелері мен туысқандары келіп отыр. Мәшһүр Жүсіп атындағы орта білім беру мектебінің оқушылары қатысып отыр.
Мүбәрак Жаманбалинов ғұмырының соңына дейін қаламын қолынан түсірмеген жан. Шараға келген балалары да әкесінің қажырлы еңбегі мен шығармашылығы туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, оның әдебиетке деген адалдығын ерекше атап өтті.
ТАЛАП ЖАМАНБАЛИНОВ, МҮБӘРАК ЖАМАНБАЛИНОВТЫҢ ҰЛЫ
Жасы 80ге келген ақсақал бір көзі көрмей қалғанда,ал екінші көзіне операция жасау қажет болғанда, біз балалары болып өтініп айтқан сөзіміз бар. «Ақсақал, енді 80 жасқа дейін жаздыңыз, әжептеуір кітаптарыңыз шықты, енді халық сізге риза шығар»,- деп, «Жоқ»,- деді әкеміз, «5 күн ба,10 күн ба өмірім болса, сол қалған өмірімде жазамын»,- деді. Айтқанын істеді. Қызу жұмысқа кірісті. Сонымен сол 5 жылдың ішінде дүниеге 5 кітап келді.
Кештің негізгі бөлігі сахнада өтті. Оқушылар ақынның балалық шақ, достық, табиғат туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып, әр шығармасын көркемдікпен жеткізді. Жырлар мен прозалық үзінділер арасында музыкалық нөмірлер де ұсынылды.
Сабина Жолдаспаева