Ветеринария басқармасының басшысы қызметтік көлікті заңсыз пайдаланған. Ал, Успен аудандық қазынашылық басқармасының басшысы түнгі уақытта алкоголь сатқан. Әдеп жөніндегі кеңестік кезекті отырысында осы екі шенеуніктің ісі қаралды. Кеңес мүшелері қандай шешім шығарды? Экранға зер салайық.
Әдеп кеңесінің отырысында әуелі ветеринария басқармасының басшысы Айдар Уәливтің мәселесі қаралды. Ол 25-қазан мереке күні қызметтік көлікті жеке мақсатта қолданған. Бұл әрекеті әлеуметтік желілерге жарияланып та кеткен. Сауда үйлерінің бірінде осы әрекетімен көзге түскен ол қызметтік тергеп-тексеру барысында қателігі толық мойындаған.
Кеңес отырысына қатысқан Айдар Уәлиев бұл жерде де қателігін мойынтынын, ендігәрі қайталанбайтындығын айтты.
АЙДАР УӘЛИЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Расыменде 25-қазан күні мемлекеттік туды көтеру шарасына қызметтік көлікпен келдім. Жолда сол көлікке қажетті бөлшектерді алу үшін сауда үйіне тоқтадым. Көліктің күтіміне толықтай ветеринария басқармасы жауапты. Сосын өзім тұратын Кенжекөл ауылына қайттым. Қателігімді білем. Бұл жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын.
Әдептік кеңес мүшелері Айдар Уәлиевке бұл жолы ескерту жасады. Одан кейін Успен аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Назым Сағатованың мәселесі қаралды. Ол түнгі уақытта ішімдік саудалаған. Оның бұл әрекеті сотпен де дәлелденіпті. Алайда, Назым Бейсенқызы кінәсін мойындамайтындығын алға тартты. Әдеп кеңесі оған қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ұсыным енгізуді ұйғарды.
Жанасыл Серікбол