Екпінді желдің салдарынан өңір бойынша 76 ғимараттың оның ішінде 14 әлеуметтік нысанның шатыры ұшып кетіп, ағаштар құлаған. Бірнеше ауданда жарық өшіп, су беру жүйесінен ақау шықты. Бұл олқылықтарды жою үшін коммуналды қызмет түні бойы жұмыс жасады.
Табиғаттың тосын сыйы қала тұрғындарын әбігерге салғаны рас. Павлодар қаласы туралы айтатын болсақ, дауыл салдарынан Шаһардың Элеватор, Орталық өнеркәсіп ауданы, Лесозавод, Радио зауыт, Үлкен айналма жол ауданы, екінші Павлодар, Зеленстрой шағын аудандарында жарық өшкен. Мамандар бірінші кезекте энергия қуатын қалпына келтіруді қолға алған. Бұған қоса, су беру жүйесінің екінші станциясы істен шығып, дер кезінде жөнделді. Бұдан бөлек құлаған ағаштар көліктерді зақымдаған. Облыс орталығындағы дүлей дауылды салдарын жою үшін 15 бригада жұмыс істеуде. Шығынды арнайы комиссия есептеп жатыр.
Әйгерім Тоқпанқызы