Тоғызыншы қараша күні Ертіс ауданындағы бір дүкен өртенді. Өрт туралы хабарлама кезекшілік пультіне сағат 22:06 да келіп түскен.

Оқиға орнына келген 9-ӨСБ және жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру бекеттері дереу бір қабатты дүкендегі отты сөндіруге кірісті. Екпінді боран жалынды ауыздықтауға кедергі келтірді. Көмекке 15-ӨСБ қызметкерлері де жіберілді. Өрт таңғы сағат 05.44-те сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ 470 шаршы метр. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда. 19 адам, 6 бірлік техника жалынды сөндіруге ат салысты.

Сонымен қатар, демалыс күні Павлодар қаласында Олжабай батыр көшесіндегі көппәтерлі үйлердің бірінен де өрт шықты. Бес қабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтердегі кір жуғыш машина, тұрмыстық заттар, есік өртенген. 10 шаршы метр аумақты жалын шарпыды. 25 адам эвакуацияланды. Екеуі бала. Зардап шеккендер жоқ.

Жанасыл Серікбол