6 жастағы жерлесіміз Хадия Қонаева джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды. Кішкентай ғана спортшымыз финалда қарсыласын 11:0 есебімен жеңіп кетті. Толығырақ келесі сюжетте.

Хадия Қонаева Екібастұз қаласындағы «SAM TEAM» клубында жаттығады. 6 жастағы жерлесіміз қалалық жарыстардың чемпионы, ашық республикалық турнирдің финалисі. Бірақ осы жолы Біріккен Араб әмірлігінің астанасында өткен жарыста өзінің тамаша дайындығы мен техникасын көрсетіп, финалдық кезеңге дейін еш қиындықсыз жетті. Ақырында, финалда Біріккен Араб Әмірліктерінің спортшысымен кездесіп, оны 11:0 есебімен ойсырата жеңді.

Осылайша, Хадия Қонаева джиу-джитсудан Әлем чемпионы атанды. Спортпен 4 жастан бастап айналысады. Оны әкесі Самат Қонаев өзі жаттықтырады. Айта кетейік, Абу-Дабиде өткен турнирде Хадиядан басқа тағы 9 екібастұздық спортшы жеңіс тұғырынан көрінді.

САМАТ ҚОНАЕВ, «SAM TEAM» КЛУБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

Мен 2022 жылы бразиялық джиу-джитсудан клуб аштым. 4-16 қараша аралығында Абу-Дабидегі жарыста менің оқушыларым керемет нәтиже көрсетті. 10 медаль иелендік. Олардың ішінде 6 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде алдық. Қызым Хадия бәрінен көп танымал болып шықты.

Жалпы клубта 100-ден астам бала жаттығады.

САМАТ ҚОНАЕВ, «SAM TEAM» КЛУБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

Мен өзім джиу-джитсумен 6 жылдай айналысамын. Себебі омыртқа грыжасы болды. Достарым джиу-джитсумен айналысуға кеңес берді. Жеті баламның, 6-ауы джиу-джитсумен айналысады. Балаларымның бәрінің де спорттағы жетістіктері жеткілікті. Балаларды мәжбүрлемеймін, өздері барып, қызығады.

Қазіргі уақытта спортшылар Астана қаласында өтетін халықаралық жарыстарға дайындалып жатыр. Одан кейін, 12 қаңтарда Алматы қаласында джиу-джитсудан өтетін турнирде бақтарын сынамақ.

Самал Қалиқызы