Павлодар облысынан 20 жас сарбаз Қазақстан Республикасы Төтенше Жағдайлар Министрлігінің қорғаныс әскерінде азаматтық борышын өтеуге аттанды. Оларды ата - аналары, туған-туыстары шығарып салды.
Жас сарбаз Батырбек Қали бала кезінен төтенше жағдайлар қызметіне барғысы келген. Бүгін міне арманына бір қадам жақындады. Алдымен осы Төтенше жағдайлар Министрлігінің азаматтық қорғаныс әскерінде Отан алдындағы міндетін өтеп, еңбек жолын осы салада бастамақ.
БАТЫРБЕК ҚАЛИ, САРБАЗ
Мен өзімнің еркіммен әскерге кетіп бара жатырмын. Төтенше жағдайлар министрлігі қатарына әскерге кетіп барам. Көптен армандадым. Отаным үшін барымды саламын. Алдағы уақытта төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс жасағым келеді.
Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті жастарды ҚР ТЖМ әскери бөлімшелеріне күзгі шақыру аясында іс-шаралар кешенін өткізді. Республикада алғашқы болып шақыру нормативін толықтай орындап, ҚР ТЖМ әскери бөлімшелеріне 20 адамды іріктелді.
ҚЫДЫРЖАН НАСКЕНОВ, ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Павлодар облысынан бүгін әскерге 20 жауынгер аттанып барады. Олар Бауыржан Момышұлы атындағы 28/237 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтейді. Ол Алматы облысы Ұзынағаш ауылында орналасқан. Әскери бөлім техногендік, табиғи сипаттағы апаттарды ликвидация жасаумен айналысады.
Әскерге кетушілерді қорғаныс саласының ардагерлері, ата аналары, туыстары шығарып салды. Бұл ретте ата аналардың ерекше толқығаны сезілді, олар үшін ең бастысы – балаларының аман есен елге оралуы.
САИДА НҰРАХМЕТОВА, БАТЫРБЕК ҚАЛИДЫҢ ӘПКЕСІ
Менің інім Қали Батырбек бүгін Отан қорғау үшін әскерге кетіп жатыр. Оған Отан қорғау үшін ақжол тілеймін. Аман есен оралып, ата-аналарымызға аман есен келсін деп тілейміз.
Қызмет өткерген сарбаздар мен сержанттарға азаматтық қорғаныс органдарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі. Бұдан басқа, ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижелері бойынша жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу мүмкіндігі көзделеді.
Самал Қалиқызы