Биыл Аққулы ауданының төрт ауылының кіреберіс жолдары жөнделді. Сонымен қатар, Тосағаш ауылына барар жол да жаңадан істелді. Балаларға арналған жобалар 10 ауылда іске асыпты. Ауданның өзге де жетістіктері жайлы аудан әкімі Руслан Мұқанов «Әкім сағаты» жобасында баяндады.
Аққулы ауданында кіреберіс жолдардан бөлек, ауылішілік жолдарды асфлальттау жобалары да іске асқан. Атап айтқанда, аудан орталығында 2,5 шақырым, Қарақала ауылында «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 4,5 шақырым жол жасалыпты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді деді әкім. Аудан орталығы тұрғындарының мәселесіне айналған ауыз су мен аудандық аурухананың жылу жүйесінің мәселесі алдағы уақытта оң шешім табатындығын айтты.
«Елге ел қосылса құт». Бұл тұрғыда ауданның ауыз толтырып айтар жетістігі мол. Биылдың өзінде ондаған отбасы оңтүстіктен көшіп келіп, тіршіліктерін жаңаша құруда.
Қазір экономиканың негізгі қозғалтқыш күші инвестиция. Барлық ел, бүкіл аудандар секілді Аққулы өлкесінде де бұл бағытта бірқатар ірі жобалар іске асып жатыр. Жыл басынан бері 10 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Жанасыл Серікбол