Ертіс өңірінің тұрғыны облыстық прокуратураға және барлық жанашыр жандарға көмек сұрап жүгінді. Оның айтуынша, күйеуі үнемі күш көрсетіп, қаржылық қысым жасаған. Ал кеткісі келгенде, оны және жақындарын қорқыта бастаған. Мұндай жағдайда кімге жүгінуге болады? Толығырақ келесі сюжетте.
Анастасия Тұрсынханова жарты жыл бұрын күйеуінен кетуге тырысты. Алайда жұбайы оған мұны жасауға мүмкіндік бермеген. Жәбірленушінің сөзінше, ол оған психологиялық қысым көрсетіп, туыстарымен байланысын шектеуге тырысқан. Ал енесі баласын өзімен алып қалған.
АНАСТАСИЯ ТҰРСЫНХАНОВА, ТҰРҒЫН
Күйеуім менің құрбымды да, оның жұбайын да қорқытып жүр. Себебі мен құрбымның үйінде тұрғанмын. Ол ешкімді аямайды. Мен баламды тек 60 мың теңгеге ғана киіндіре алдым, өйткені қалған ақшамды күйеуім алып қоятын.
Осы жағдайдан кейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл жәбірленушіге ұлымен бірге оңалту орталығына орналасуға көмектесті. Қазір ана мен баланың жағдайы тұрақты. Анастасия ажырасу туралы арыз беріп, алимент талап етпек.
СӘУЛЕ ШАКЕНЕВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ
Егер сіз осындай қиын жағдайға тап болсаңыз, 111, 112 немесе 102 нөмірлеріне хабарласуға болады. Сондай-ақ әр өңірде бала құқықтарын қорғайтын уәкілдер бар. Маған да тікелей жүгінуге мүмкіндік бар
Павлодар қаласында аналар мен балаларды қолдайтын бірнеше орталық жұмыс істейді. Оның ішінде «Ана үйі» қоғамдық қоры мен мемлекеттік әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы бар. 2024 жылы Павлодардағы дағдарыс орталығына тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 30 әйел жүгінген. Айта кетейік, бұл орталықтар құжатсыз да қабылдайды.
АЙНАШ ІЛИЯСОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ОҢАЛТУ ЖӘНЕ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Біз мұнда әйелдер мен балаларға психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, оларды толықтай азық-түлікпен және жатын орынмен қамтамасыз етеміз.
Жәбірленуші күйеуінің тарапынан психологиялық қысымға да ұшыраған. Қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттер үшін арнайы жаза қарастырылмаған. Тек қорқыту, тіл тигізу немесе жеке деректерді тарату фактілері тіркелген жағдайда ғана қылмыстық іс қозғалады.
ӘЛІМБЕК АҒЫБАЕВ, ЗАҢГЕР
-Көп жағдайда құқық бұзушылар заң жүзінде шектеулерді айналып өтеді. Алайда олардың әрекеттері адамдардың психологиялық жағдайына ауыр әсер етуі мүмкін. Сондықтан заңнамаға қудалау туралы арнайы норма енгізу қажет.
Бұл оқиға бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Ал әзірге Анастасия баласымен бірге оңалту орталығында тұрып жатыр. Мұнда оларға барлық қажетті көмек көрсетілуде.
Сабина Жолдаспаева