Еліміздегі 1200-ден астам елдімекенді су басу қаупі бар. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бүгін осылай деді. Ал Үкімет табиғи апаттан азаматтардың баспанасы мен мүлкін сақтандыра алмай отыр. Тасқынның алдын алу үшін Үкімет қандай шара қабылдамақ? Былтырғы қателік қайталанбай ма?
Сенат Үкіметтің көктемгі тасқынға дайындығын пысықтады. Жауапты министрлік өкілдері былтырғы кемшіліктер мен биыл қолға алған шаралар жөнінде 2 сағат бойы депутаттардың алдында есеп берді. Бұл бекер емес. Себебі, халық әлі күнге су астында қалған ауыл, қырылған мал мен қираған үй-жайды ұмыта қойған жоқ. Биыл да қауіп аз емес. Күн шығып, қар ерісе, бірден су астында қалуы мүмкін ауылдар өз алдында, депутаттар көрші Ресейден биыл да топан су келуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Алайда, министрлік жағдай бақылауда, алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Қос ел трансшекаралық өзендердегі су тасқынына бірлесіп дайындалып жатыр.
Тасқынды алдын ала болжайтын цифрлық жүйе әзірленді. Онда ауа-райы болжамы, қар деңгейі мен өзен-көлдердің жай-күйі күн сайын талданады. Ал цифрлық жүйенің алғашқы болжамы ақпанда жарияланады. Десе де, депутаттарды алаңдатып отырған мәселе аз емес. Банктер мен қаржы институттары әлі күнге дейін тұрғын үйлерді табиғи апаттан сақтандыруға құлықсыз. Әзірге тек екі банкпен келіссөз жүріп жатыр. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде тұрғындарға бағыт-бағдар беретін арнайы нұсқаулық жоқ. Ал депутат Бибігүл Жексенбай қарғын суды тиімді пайдалану жағы ескерусіз қалғанын айтады.
Жауапты министрліктің мәліметінше, бұл мәселе жаңадан әзірленіп жатқан Су кодексінде қамтылған. 2028 жылға дейінгі арнайы жоспар бар.
Депутаттар, сондай-ақ, былтыр Казгидромедтің жауын-шашын мол болатынына қатысты болжамын Үкімет ескермеді, соның кесірінен апаттың алдын алу мүмкін болмады дейді. Жауапты ведомства бұл жолы мұны да қаперге алғанын айтады. Ал синоптиктердің болжамынша, биыл қар деңгейі былтырғымен салыстырғанда 2 есе төмен.