Павлодар қаласының манында орналасқан елдімекен Атамекен кентінде мамандықтар марафоны өтті. №33 жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары қазірден бастап өзіне қажетті салаларды таңдап жетілдіруде. Толығырақ әріптесім тарқатсын.
"Еңбегі адал – жас өрен" республикалық жобасын іске асыру шеңберінде білім алушылардың әртүрлі кәсіптерге деген қызығушылығын дамыту және еңбекқорлықты жетілдіру үшін кәсіптер марафоны өтті. Шараны №33 жалпы орта білім беру мектебі ұйымдастырған.
ЕЛЕНА СКВОРЧЕВСКАЯ, №33 ЖОББ МЕКТЕБІНІҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі шарамыз «Бір тұтас тәрбие бағдарламасы» аясында өткізіліп отыр. Бұл бағдарлама жас өрендердің рухани және әлеуметтік дамуына зор ықпал ететін көптеген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Солардың бірі – «Еңбегі адал – жас өрен» жобасы. Аталмыш жоба аясында оқушылар өз болашақ кәсібі мен таңдаған мамандықтарына байланысты арнайы презентациялар әзірлеп, өз ойларын ортаға салды.
Оқушылар марафон барысында ағаш шебері, аспаздық өнер, медицина, робототехника және дизайн сынды көптеген мамандықтарды таңдады. Әрбір қатысушы өз саласына қатысты шығармашылық жұмыстарын ұсынып, болашақ кәсібінің қыр-сырын көрсетті.
Шара аясында ұстаздар оқушыларға әр сала арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттап, оларды тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Мәселен, дизайн саласы арқылы оқушылар ұлттық нақыштағы заттарды қалай жаңғыртуға және заманауи талаптарға сай өзгертуге болатынын үйренді.
ГҮЛСАҒИРА ӨМІРЖАНОВА, №33 ЖОББ МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Оюлармен жұмыс істейді. Матамен деген сияқты. Осы арқылы қыздарымыз дизайн мамандығын үйренуі мүмкін
Айта кетейік, биыл Техникалық мамандықтар жылы болып белгіленген. Бұл шаралардың басты мақсаты – жастарды жаңа заманның талаптарына сай болашақ кәсібін таңдау жолында дұрыс бағыт-бағдар беру. Осыған орай, техникалық салаларға арналған іс-шаралар мен жобалар оқушыларға мектеп кезеңінде-ақ өздерінің қызығушылықтарын анықтап, қажетті салаға қадам басуға мүмкіндік туғызады.
Байтұрсын Жұмабай