Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында отбасылар арасында ерекше сайыс өтті. Бұл шараға жеті отбасы қатысып, өнерлерін ортаға салды. «Мерейлі отбасы» атауымен ұйымдастырылған сайыс қатысушыларға өздерінің бірлігі мен өнерін көрсетуге мүмкіндік берді.
Сайыс бірнеше кезеңді қамтыды. Оның әрқайсысында отбасының татулығы мен ұлттық дәстүрлерге деген құрметі сыналды. Қатысушылар бірінші кезекте отбасындағы ынтымақ пен келісімді көрсетті.Ұлттық әдет-ғұрыптарды дәріптейтін тапсырмаларды орындап, өздерінің салт-дәстүрлерін ұлықтады. Әр отбасы өнерлерін паш етіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
САРА ЕСТАЕВА, Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ «КӘУСАР БҰЛАҚ» АТА МЕН ӘЖЕ МЕКТЕБІНІҢ МҮШЕСІ
Міне біз өте ауқымды сайыс өткізейін деп жатырмыз. Бұл сайыстың аты «Мерейлі отбасы». Бұл «Мерейлі отбасы» деген тақырыптың өзі отбасының қандай екенін, мейірімділікті, ынтымақты, сыйластықты, дәстүрді бәрін жалғастырудағы ата-ананың балаға, балалардың түсініктеме берулері керек. Салт дәстүрді, отбасылық мерекенің не екенін, мақал-мәтелдерімізді жалғастыру арқылы бір-екі сөз береміз соны жалғастырып мақал жазу керек.
Сайыстың мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау.Ұлттық дәстүрлерді сақтау мен жастарды тәрбиелеуді көздейді.Әділқазылар алқасы әр отбасының орындаушылық шеберлігі мен тапқырлығын жоғары бағалап, ұпайларын 5 пен 10 балл аралығында қойды.
ҚАЙЫРТАС НҰРҒАЛИЕВ, ҚАТЫСУШЫ
Осы сайысқа міне келіп отырмыз. Бұл келешек ұрпаққа үлкен тәрбие, өте керекті құндылық. Сондықтан айтайын дегенім, әділ, жақсы өтсін. Көрермендер бәрі көңілді күймен отыр. Осында әжелер, аталар басқарып жүр міне. Сол адамдарға көп рахмет. Уақыттарын бөліп, жастармен жұмыс істеп жатыр. Келешек ұрпағымыз, болашағымыз осы жастарда ғой. Сол биіктен көрініп, қанаттары талмай биікке самғап, біз ұрпағымызбен мақтанатындай болайық.
Сайыс соңында ең үздік отбасылар анықталды. Жеңімпаздарға 1, 2, 3-орын жүлделері мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Қатысушыларға арнайы номинациялар бойынша марапаттар берілді.
Сабина Жолдаспаева