Қазақстанда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алудың жеңілдетілген ережелері күшіне енді. Жаңа жүйе жобаларды, әсіресе әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, жылдам іске қосуға және бағаның өсу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы 2024 жылдың 1 шілдесінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдететін жаңа заңға қол қойды. Осыған сәйкес, құжаттарды талқылау мерзімі 5 күннен 2 күнге, өтінімдерді қабылдау 15 күннен 5 күнге, ал өтінімдерді қарау және қорытындылау 10 күннен 3 күнге дейін қысқартылды. Енді конкурстар мен аукциондардың жеңімпазы 10 жұмыс күні ішінде анықталады. Автоматтандырылған рейтингтік-балдық жүйе арқылы жеңімпаздар 5 жұмыс күні ішінде айқындалады. Бұрын бұл процесс 29 күнді алатын. Бұл жүйеде қатысушылардың тәжірибесі, салық тәртібі және мерзімдерді сақтауы ескеріледі.Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен өтетін сатып алу мерзімі 5 күннен 2 күнге дейін қысқартылды. Сондай-ақ, жергілікті жеткізушілерге берілетін шартты жеңілдіктер 1%-дан 2%-ға дейін ұлғайтылды. Жаңа ережелердің нәтижесінде 10 ақпанға дейін 282 703 шарт жасалып, олардың жалпы құны 951,38 млрд теңгені құрады. Өткен жылы дәл осы кезеңде 223,2 млрд теңгеге 165 558 шарт жасалған болатын. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуға қатысты шағымдар саны 22%-ға азайып, 1700-ден 1320-ға төмендеді.
Сабина Жолдаспаева