Оның өмірі ноталармен өрілген. Музыкаға деген сезімі оны үлкен сахнаға алып келді. Бүгінгі сюжетіміз джаз оркестріндегі кернейші ару туралы болмақ. Ерлер ұжымында жұмыс істеу оңай ма? Бұл мамандық әйелдерге қаншалықты лайық? Келесі сюжеттен көрейік.
Павлодар джаз оркестріне биыл 40 жыл толады. Осы уақыт ішінде оркестр көптеген жетістіктерге жетті. Мысалы, 1996 жылы Қазақстанның студенттік оркестрлері алғашқылардың бірі болып джаздың отаны – АҚШ сахнасында өнер көрсетті.
ӘЛИЯ НҰРЫМБЕТОВА, ИСА БАЙЗАҚОВ АТЫНДАҒЫ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ ӘДІСКЕРІ
Бұл 90-жылдардың басында болған оқиға. Джаз оркестрі Алматыдағы фестивальге қатысып, көпшіліктің назарын аударды. Онда шетелдік қонақтар, елшілер болды. Осы жарқын, жігерлі ұжымды олар да байқамауы мүмкін емес еді.
Дәстүр бойынша джаз оркестрлері негізінен ер адамдардан құралған. Бүгінде бұл үрдіс өзгеріп келеді. Қазір әйел музыканттар да джаз өнеріне елеулі үлес қосуда. Солардың бірі – Екатерина Петренко. Ол 20 жылға жуық уақыттан бері кернейші болып еңбек етеді.
ЕКАТЕРИНА ПЕТРЕНКО, КЕРНЕЙШІ
Сәлеметсіздер ме! Менің есімім – Екатерина. Сіздерге өзімді таныстырайын. Бала күнімде мен дәрігер мамандығына қызығатынмын. Бірақ тағдырым музыкамен, джазбен байланысты болды.
Екатерина өзінің шығармашылық жолы қалай басталғанын есіне алды. Анасы оны кішкентай кезінде аккордеон сыныбына берген. Осылайша, ол музыка әлемімен танысты.
ЕКАТЕРИНА ПЕТРЕНКО, КЕРНЕЙШІ
11-сыныпты аяқтаған соң, қандай мамандық таңдайтынымды ойладым. Бір күні пианист досыммен бірге музыкалық колледждегі мемлекеттік емтиханға бардық. Неге эстрадалық бөлімді таңдадым? Себебі ол жерде Виктор Тимофеевич Шейкин ұстаздық етті. Сол кезде ол үлкен танымалдылыққа ие музыкант еді.
Ол жылдары Павлодарда танымал музыкант Виктор Шейкин колледжде джаз бөлімінде сабақ беретін. Көпшілік оның шәкірті болуды армандайтын. Музыканттың өмірі – үнемі гастрольдік сапарлармен өтеді. Тіпті 8 наурыз халықаралық әйелдер күнінде Екатерина жұмыс істейді.
ЕКАТЕРИНА ПЕТРЕНКО, КЕРНЕЙШІ
Сахнаға шығып, өнер көрсету – бұл үлкен қуаныш. Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаймыз. Бұл біз үшін жай ғана жұмыс емес, бұл – нағыз мереке!
Айта кетейік, джаз оркестірінің өнерін 8 наурыз күні сағат 17:00-де Иса Байзақов атындағы филармония сахнасында тамашалауға болады
Сабина Жолдаспаева, Анастасия Ерш, Алексей Мехедов, ЕА