Диктор: Павлодар қаласында жасөспірімдер арасында баскетболдың 3х3 форматында Ермек Кәпеновті еске алуға арналған алғашқы республикалық турнир өтті. Бұл жарысқа еліміздің басқа өңірлерінен спортшылар келіп қатысты.
Аталған турнир алғаш рет 2020 жылы ардагер командалар арасында өтті. Ал 2022 жылдан бастап жарысқа жасөспірімдер де қатыса бастады. Биыл жарыс ауқымы кеңейіп, республикалық деңгейге ұйымдастырылды.
Серік Кәпенов, Ермек Кәпеновтің інісі
Ермек был настоящим энтузиастом баскетбола и сам показывал отличную игру.... «Ермек баскетболға шын берілген жан еді. Ол көпке үлгі бола білді. 2000-жылдардың басында өңірімізден шыққан алғашқы стритбол чемпионы атанды. Оның арманы — жастарды баскетболға баулу болатын. Алғашқы турнирлерге өзі де қатысып, ардагерлер командасында ойнаған. Кейін біз жарыстың негізгі бағытын жастарға бұрдық, себебі олар — қазақстандық баскетболдың болашағы.
Жарысқа 16 команда қатысты, олардың басым бөлігі жергілікті ойыншылар. Сонымен қатар Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының құрамалары да бақ сынады. Қатысушылар төрт топқа бөлініп, өзара кездесулер арқылы плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 3х3 баскетбол классикалық 5х5 форматынан айтарлықтай ерекшеленеді.
Виктор Бондарь, турнир ұйымдастырушысы
«5х5 форматында шабуылға 24 секунд берілсе, 3х3 баскетболында бұл уақыт небәрі 12 секунд. Ойын уақыты да қысқа — небәрі 10 минут немесе 21 ұпай жинағанға дейін жалғасады. Бұл форматтағы ойын өте қарқынды әрі күтпеген нәтиже беруі мүмкін.
Жарыс жеңімпаздары кубокпен, медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Жүлдегер командаларға ақшалай сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, әртүрлі номинациялар бойынша үздік ойыншылар анықталды. Оларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Даниил Нечунаев, турнир қатысушысы
«Ойын тартысты өтті. Қарсылас мықты болғанымен, біз кездесуді мерзімінен бұрын аяқтадық. Турнирдегі басты мақсатымыз — жүлдегер атанып, сыйлық ұтып алу. Бастапқыда далада ойнайтынмын, кейін залда классикалық баскетболмен айналыстым. Қазір 3х3 форматында ойнап жүрмін, бұл өте жылдам және динамикалы спорт түрі.
Ұйымдастырушылар келер жылы жарыстың аясын кеңейтіп, ТМД елдерінен жас баскетболшыларды шақырып, турнирді халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.
Әйгерім Тоқпанқызы