Цифрлық технологиялар өндірісті жылдамдатуға, қауіпсіздікті жақсартуға және металлургтердің жұмысын жеңілдетуге қалай көмектеседі? Мұны әріптестерім еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі – Ақсу ферроқорытпа зауытына барып біліп келді. Экранға зер салайық.
Кәсіпорын директоры Мұсабек Мақашевтың айтуынша, мұнда шикізатты қабылдаудан бастап өнімді жөнелтуге дейінгі барлық негізгі процестер автоматтандырылған. Өткен жылдың өзінде цифрландыруға 1 миллиард теңгеден астам инвестиция бағытталды. Осылайша, зауыт аумағында вагондардың қозғалысын бақылауға көмектесетін Dispatch жүйесі осы бағыттағы негізгі әзірлемелердің бірі болды.
Дмитрий Родыгин, BTS жобасының жетекшісі
Бұрын теміржол орталығы қызметкерлері ақпаратты бір-бірлеріне қағаз түрінде беретін. Ақпарат жиі жоғалып кететін. Арнайы көшіріп, сақтап отыру керек болды. Қазір бірыңғай бағдарлама құрылып, тиісті адамдар зауыттың теміржол аумағында не болып жатқандығын біліп отырады. Осының арқасында уақыт көп үнемделді. Мәселен, кезекшілер бұрын бір, бір жарым сағат бойы есеп тапсыратын. Қазір бұл бірнеше секунқа ғана созылады.
Енді бұл бағдарламаны еуразиялық топтың барлық кәсіпорындарында дамытуды жоспарлап отыр. Тағы бір ауқымды жоба – MES ERG жүйесі. Оның көмегімен зауыттың 26 балқыту пешінде электронды журнал жүргізілуде.
Александр Шутов, АФЗ кәсіпорнының технология бойынша менеждері
Осының арқасында біз өндірісті жедел басқаруды жүзеге асыра аламыз. Пеш жұмысының электрлік, негізгі технологиялық параметрлерін көре аламыз. Деректер сақталады. Соның арқасында тәуліктік, апталық, айлық сараптаманы жүргізу оңай.
Құю машиналарының жұмысы да автоматтандырылған. Жүйе шөміштің бұрышын, ферроқорытпаны беру жылдамдығын, оның температурасын өзі реттейді. Мұның бәрі дәлдікті арттырады, персоналға жүктемені азайтады. Денсаулық сақтау саласында да технологиялар енгізілуде. ASMO жүйесі – автоматтандырылған медициналық тексерудің арқасында қызметкер санаулы минуттарда ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі тексерулерден өтеді.
Тимур Төлеубаев, АФЗ кәсіпорнының автокөлік цехының автокөліктер мен механизмдердің үзіліссіз жұмыс істеуі бойынша менеджері
Бұрын қызметкерлер дәрігерге кезекке тұрып тексерілетін. Қазір бұл оңайланып, өндірістегі тәуекелдерді төмендетті. Бұл құрылғы қан қысымын, температура мен жүрек соғысын өлшейді. Алкотесттен де өткізеді. Нәтижені дәрігер көріп отырады. Қандайда көрсеткіштер бойынша шұғлы шара қабылдай алады.
Кәсіпорында барлығы 19 осындай кешен орнатылды, алдағы уақытта олар барлық цехтарды қамту жоспарлануда. Бұл цифрлық шешімді, жоғарыда аталғандардың барлығы сияқты, еуразиялық топқа кіретін BTS IT командасы әзірлегені атап өтіледі. Пресс-тур барысында ұсынылған тағы бір жоба – Qollab платформасы. Бұл ERG қызметкерлеріне арналған бірыңғай цифрлық кеңістік. Бүгінде жүйеде 60 мың адамның жеке кабинеті бар. Корпоративтік коммуникациядан басқа, Qollab арқылы қызметкерлер мәселелерін жеткізе алады, дәрігердің қабылдауына жазылады, көлікті қадағалай алады, тіпті тауарларды сатып алады. Компания бұл ішкі жұмыс процестерін жеңілдетуге және қызметкерлердің белсенділігін арттыруға көмектесетінін атап көрсетеді.
Кирилл Янцен, АФЗ кәсіпорнының бас металлургі
Көп шаруа істелді. Алда бұдан да көп жоспарымыз бар. Сіздерге көрсеткен жаңашылдықтарымыз біздің жұмыстың алға басуына септігін тигізуде. Бұл алдымен біздің ұжымға, жұмысшы мамандарға үлкен көмек. Енді жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік бар.
Өндірістегі цифрландыру тек технологиялық жетістік емес, әуелі жұмыстың тиімділігін арттыру. Алтыннан қымбат уақытты, қолда бар ресурстарды үнемдеуге және еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Ақсу ферроқорытпа зауытында бұл үрдіс қазірдің өзінде өз нәтижесін беруде, ұжым өкілдері атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Тек өткен жылдың өзінде цифрлық шешімдерді енгізуге бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Жанасыл Серікбол