Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ұлы ойшыл, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абай – мәңгілік поэзия» атты өлеңмен өрілген бояу вернисажы өтті. Шара барысында павлодарлық белгілі суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Тұрар Төлеевтің Абай әлеміне арналған көркем туындылары жұртшылық назарына ұсынылды.

Көрмеде қойылған әр сурет Абай шығармашылығымен тығыз байланысып, ақын жырларындағы терең философиялық ойлар мен бейнелер арқылы қағаз бетіне түскен. Экспозицияда Хәкім Абайдың портреті, Құнанбай бейнесі, «Қилы заман», «Барымта» сынды тарихи-суреттік композициялар, сондай-ақ Абайдың алғашқы махаббаты – Тоғжанның көркем бейнесі де көрініс тапты.

Тұрар Төлеев, суретшілер одағының мүшесі

Атамыздың 180 жылдығына арнаған жеке шығармашылық көрме.Мында 8 жұмыс бар. Суретшілер одағында көрме болған сондай Абайдың шығармашылығымен айналыстым.

Вернисаж барысында жастар Абай өлеңдерін жатқа оқып, композиторлық мұрасын да паш етті. Ақын әндері көрермендер жүрегінен ерекше орын алды.

Рауан Нығыметжанов, Павлодар облысы шекара қызметінің тәрбие бөлімінің консультанты

Ұлы ақынымыздың 180 жылдығына байланысты осы щараға Павлодар шекара департаменті болып келіп отырмыз.Абайдың өлеңдерін оқимын. Сурет көрмесі көрсетіліп тұр екен. Оған қарап Абайдың Абай жолындағы бейнесін көре аламыз.

Көрмеге келген қонақтар мен жас буын өкілдері Абай әлеміне бір қадам жақындап, ақын рухымен сырласқандай күй кешті. Рухани шара барысында Абай мұрасы тек сөзбен емес, бейнелеу өнері арқылы да жаңаша қырынан ашылып, көпшіліктің жүрегіне жол тапты.

Дильназ Қуанышбекқызы