Павлодар еліміздің белсенді жастары бас қосты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 100-ге жуық қатысушы маңызды тақырыптарды талқылап, тәжірибе алмасты. Қатысушылардың қатарында халықаралық деңгейдегі жобаларда бой көрсетіп жүрген талантты жастар да бар.

Форумның негізгі мақсаты – жұмысшы мамандық иелерінің қатарындағы жас өкілдердің көшбасшылық қасиеттерін, кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағытталған. Салтанатты ашылу рәсімінде шараның басты спикерлері өз құттықтауын білдірді.

Қатысушылардың қатарында тек ғана жұмысшы мамандық иелері емес, еліміздің белсенді жастары да бар. Аталған бас қосуға Абай облысынан ат басын бұрып келген саунд-продюсер Ерқанат Садуханов келді. Өзінің ұстаздық қызметінен бөлек ол Дуа Липа, Ники Минаж сынды әлемдік жұлдыздармен шығармашылық байланыс орнатқан.

Шара барысында спикерлердің құттықтау сөзінен кейін, 20 қатысушы марапатқа ие болды. Оларға белсенділігі мен қоғамға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.

Одан кейін форум пленарлық және тақырыптық сессияларда жалғасты. Қатысушылар өз пікірлері мен идеяларын ашық жеткізе алды.

Айта кетейік, форум екі күн өтеді. Шараның қорытындысы Ертіс жағасында өтетін көрмемен түйінделеді.

Байтұрсын Жұмабай