Жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа тұжырымдамасы қандай? Биыл декларацияның соңғы кезеңін тапсыру үшін кімдер міндетті? Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.
Биыл елімізде жалпыға бірдей декларация тапсырудың соңғы кезеңі басталады. Бұған дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік сала қызметкерлері, одан кейін кәсіпкерлер есеп берсе, соңғы кезеңде барлық ересек азаматтар, оның ішінде студенттер мен зейнеткерлер де тапсыруы тиіс болатын. Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен елден тыс жерлерде активтері бар адамдарды қоспағанда, азаматтардың осы санаты декларация ұсынудан босатылды. Ал биыл оны кімдер тапсыруға міндетті?
ЕРБОЛАТ ҒАББАСОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨНДІРІСТІК ЕМЕС ТӨЛЕМДЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жаңа концепция негізінде декларацияны мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік секторлардың басшылары мен олардың жұбайлары, 20 мың айлық есептік көрсеткіш негізінде мүлкі бар адамдар, шетелде мүлкі барлар мен шетелдегі банкте қаржысы бар қазақстандықтар тапсыруға міндеттеледі. Ал мұнда мұғалімдер, дәрігерлер мен полиция қызметкерлері декларация тапсырмайды. Жалпы, айта кетсек, бұл кезеңде декларацияны ерікті түрде кез келген адам тапсыра алады.
Ал жеке кәсіпкерлер декларацияны жыл сайын тапсыруға міндетті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер дүние мүлкін өзгенің атына жаза алмайды. Ал декларация тапсыруы үшін тиісті құжаттар реті де бар.
ГҮЛНАРА ТЮЛЮБАЕВА, ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫ ӘКІМШЕЛЕНДІРУ ЖӘНЕ ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Декларация тапсыру үшін мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды ретке келтіру,нотариустардан қарыз шарттарын куәландыру, ақша қаражатын (37 млн. теңгеден астам) банк шоттарына орналастыру, тәуелсіз бағалаушыдан қымбат мүлікті бағалау, сайттардан активтер мен міндеттемелердің бар-жоғын өз бетінше тексеріп алу қажет. Декларация тұрғылықты жері бойынша ұсынылады, оны тапсыруы мерзімі 15 қыркүйекке дейін жалғасады.
Айта кетейік, декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер декларацияны тапсырмаған немесе тапсыруды кешіктірген болса, онда ескерту жасалады, ал оны бір жыл ішінде қайталап жасағаны үшін 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
ГҮЛНАРА ТЮЛЮБАЕВА, ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫ ӘКІМШЕЛЕНДІРУ ЖӘНЕ ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Егер активтер мен міндеттемелер туралы жәнә кірістер мен мүлік туралы декларацияда толық немесе анық емес мәліметтерді ұсынған болса, онда ескерту беріледі. Және оны тағы бір жыл ішінде қайталап жасайтын болса, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Елімізде жалпыға бірдей декларация тапсыру 2021 жылдан басталды. Облысымызда декларацияның үш кезеңің 180-нен астам адам тапсырған екен.
Қымбат Садық