Өңір басшысы Асайын Байханов Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті басшылығымен бірлесіп, су басу қаупі бар деген Баянауыл ауданын, сондай-ақ, Қарағанды облысымен шектесетін аумақтарды әуеден тексеріп өтті.

ӘУЕСҚОЙ ТҮСІРІЛІМ

 Бүгінгі таңда аудандағы қардың қалыңдығы - 21 сантиметр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8-ге көп. Елдімекендерге Ащысу, Айдос, Бала-Шідерті, Қарасу өзендері айтарлықтай қауіп төндіреді. Су деңгейінің күрт көтерілуі таулардағы қардың еруіне және Қарағанды облысынан Қарасу өзенінің сағасы бойымен ағып келетін еріген сулардың қозғалысына байланысты. Тікұшақпен аралау кезінде өңір басшысы Ащысу бөгетінің жай-күйін тексерді. Бұған дейін оны нығайту және биіктігін көтеру бойынша жұмыстар жүргізілген болатын. 1,6 км бойы бөгеттің сыртқы жақтары габиондармен нығайтылды.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

Сондай-ақ, Асайын Байханов Қарағанды облысының басшысы Ермағанбет Бөлекбаевпен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезінде Баянауыл ауданының ауылдарына қауіп төндіретін Қарағанды облысының «Ақжар» және «Қаратоқа» бөгеттеріне тексеру жүргізді. «Ақжар» бөгетіндегі жағдайға мониторинг жүргізілді. Су қоймасы 71%-ға толған.

«Қаратоқа» бөгеті 33%-ға толған.

«Қазгидромет» өңірдің барлық аумағында күзгі кезеңде түскен жауын-шашынның мөлшері нормадан артық екенлігін айтады. Болжам бойынша облыс аумағындағы су тасқыны кезеңі 2 кезеңде өтеді: наурыздың 2-3 - онкүндігінде - қар ериді, ал сәуірдің 2-3 - онкүндігінде - су қоймаларының Жоғарғы-Ертіс каскадынан су жіберіледі.

ЖАНАСЫЛ СЕРІКБОЛ ЕА