Рамазан айының соңғы он күні ішінде ең қасиетті әрі берекелі сәт – Қадір түні. Бұл түнде жасалған кез келген дұға мен құлшылық мың ай бойы орындалған ғибадаттан да қайырлы саналады. Биыл Қадір түні наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түнге сәйкес келеді.

Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде Жамағатқа тағылымды уағыз айтылып, қасиетті кітап Құран оқылады. Наиб имамның айтуынша, Қадір түні – адамның тағдыры жазылатын маңызды сәт. Бұл түнде шын жүректен тілеген дұғалар қабыл болады, күнәлар кешіріледі. Сондықтан әрбір мұсылман осы ұлық түнді құлшылықпен өткізуге тырысуы керек.

ҚАНАТ ҚАБДЫКӘРІМҰЛЫ, МӘШҺҮР ЖҮСІП МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ

Осы қадір түні мың айдан артық дейді. Мың айдан артық дегені ол ислам ғалымдарының зерттеуі бойынша, түсіндіруі бойынша, 83 жыл 4 айға сәйкес келеді дейді. Яғни, осы қадір түнін біз құлшылықпен, дұғамен, мінәжатпен өткізетін болсақ, сол бір түннің сауабы мың айға тең келеді. Қадір түнінде біздің жасалатын амалдарымыз кешкілікте тарауық намазы оқылады, тарауық намазына қатысатын болсақ. Сонымен қатар кешкілік уақыттарда, түнгі тахаджуд намаздары бар. Сол тахаджуд намаздарын оқитын болса, сонымен бірге қасиетті құран кәрімді араб тілінде оқуға болады. Немесе қазақша аудармасы бар, оны да оқуымызға болады.

Жаратқанның мейірімі төгілетін бұл түні жүрегінде иманы бар әрбір мұсылман қол жайып дұға етеді. Бұл түні сұралған тілек қайтарылмайды. Сондықтан мешіттерде жамағат жиналып, құлшылық жасап, қасиетті түннің шарапатын сезінеді.

ҚАНАТ ҚАБДЫКӘРІМҰЛЫ, МӘШҺҮР ЖҮСІП МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ

Осы қадір түнінде біз Алладан кешірім сұрайтын болсақ, осылай дұға ететін болсақ: Я Алла, Жаратушы Алла, сен кешірімдісің. Кешірімділікті жақсы көресің, бізді кешіре гөр-деп дұғамен өткізетін болсақ, нұр үстіне нұр болады. Қасиетті қадір түніндегі басты мақсат, осы қадір түнін құлшылықпен өткізу. Яғни, бұл қадір түнін біздерге түсіндіріп айтады, тағы бір түсіндірмесі бар, «Тағдыр түні» деп жатады. Яғни, осы қадір түнінде адам баласын бір жылдық ризық несібесі бекітіледі дейді. «Үкім түні» деп жатады. Адам баласы Алладан кешірім сұрап, дұғамен, құлшылықпен өткізетін болса, оның бір жылдық тағдыры бекітіледі деп осы қадір түнінде айтылып жатады.

Қадір түні – жылына бір рет келетін ерекше мүмкіндік. Бұл түнді пайдалы амалдармен өткізу әрбір мұсылманның парызы.

Сабина Жолдаспаева