Павлодарлық инженер қазақтың ұлттық аспабы – домбыраның 3D моделін жасады. Бұл аспаптың ерекшелігі – оның тек сыртқы пішіні ғана емес, сондай-ақ, материалында да айырмашылық бар. Домбыра толықтай пластиктен жасалған, бұл оның беріктігін арттырып, заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік береді.
Байтұрсын Жұмабай, тілші
Домбыраның үніндегі ерекшелікті байқадыңыз ба? Бұл көзіміз үйренген кәдімгі ағаштан жаслаған домбыра емес. Тұтастай пластик қолданылған десем сенесіз бе? Иә, осындай материалдан да айнытпай ұлттық музыкалық аспапты жасауға болады екен. Қалай? Оны шебер Иван Могерден сұрап білсек.
Иван Могер, инженер
Бастапқыда домбыраны жасауға көп уақыт пен күш кететіндей көрінген. Сондықтан мен бірден оны зерттеуге кірістім. Ағаш шеберлері аспапты қалай құрастырғанын анықтап, тарихына үңілдім. Қосымша білім алдым десем де болады. Зерттеу барысында қазақ композиторлары туралы мәліметтерге қанықтым. Сондай-ақ, домбыра жасап жүрген белгілі шеберлермен таныстым.
Кейіпкеріміз алдымен домбыраны қалыпқа салып, шанағын әзірлеп алды. Сосын қақпағын безендіріп, пластиктен шағын бөлшектерін өңдеді. Осылайша, дайын аспапты музыкалық оқу орнының біріне сыйға тартты. Пластик домбыра музыканттардың қолайына жағар ма екен?!
Бекзат Жасқайратұлы, домбырашы
Тұтастай құйылып жасалған екен. Қазақтың қара домбырасынан айырмашылығы өте көп. Бірақ десе де біздің жастарымыздың жасап жатқан бір үлкен үрдіс деп ойлаймын.
Қазір Иван адамның бас сүйегінің анатомиялық моделін жасап жүр. Мұны дайындауға инженер бір аптаға жуық уақытын арнапты.
Иван Могер, инженер
Міне, мен жасап шыққан анатомиялық сүйек моделі. Оның ерекшелігі – бас бөліктерін жеке-жеке зерттеуге болады. Кәдімгі пластикалық қаңқаларда мұндай мүмкіндік жоқ. Бұл үлгі білім алушыларға анатомияны дәлірек түсінуге көмектеседі. Мен осы 3D моделді медициналық оқу орнына сыйлауды жоспарлап отырмын.
Инженер мұнымен шектелмей, білімін толықтырғысы келеді. Енді ол көлік қозғалтқышының толық модельін жасап, оны механик мамандығын оқып жатқан студенттерге тарту етпек.
Байтұрсын Жұмабай