Отбасы күніне орай жас отбасылар арасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Отбасым – мақтанышым» атты облыстық байқау биыл да өз жалғасын тапты. Бұл жолғы сайыс Жастар бастамаларын дамыту орталығында өтіп, қатысушы отбасылардың татулығы мен өнерін паш ететін алаңға айналды.
Байқауға өңірімізден 13 жас отбасы қатысып, өзара бақ сынады. Жарыс үш кезеңде өтті. Алғашқысы – «Таныстыру», екіншісі – «Отбасы құндылықтары», ал үшінші кезең – шығармашылық өнерге арналды.Қатысушы отбасылардың барлығы – 35 жасқа дейінгі азаматтар. Бірі отау құрғанына бірнеше жыл өтсе, енді бірі жаңа ғана шаңырақ көтеріп, ортақ өмірдің алғашқы қадамдарын басып жатыр.
Жұлдыз Малдыбаева, «Кенжекөл жастары» ҚБ үйлестірушісі
Сайыстың ерекшелігі ол сыйақы мөлшері, биылғы жылыл біз 700 мың теңге көлемінде жеңіпаз отбасыларға ақшалай сыйлықтар сыйлаймыз.Сонымен қатар, асхана сервиздарын сыйлаймыз.Сайыс 8 жыл қатарынан өтіп жатыр.Мен үшін отбасы күніне орай осындай шара ұйымдастыру мақтанышты.
Әр кезең қатысушылардың өнері мен ұйымшылдығын, отбасы құндылықтарын қаншалықты жоғары қоятынын айқындай түсті. Бір отбасылар бейнеролик түсірсе, енді бірі ұлттық дәстүрді дәріптейтін көріністер көрсетті.
Арыстан Қаппас, қатысушы
Жалпы негізі біз 3 жыл таныспыз.3 жылдан кейін мен оған сөз салдым. Бірінші кезеңде. Короткометражный фильм түсірдік.екінші этапқа беташап рәсімін көрсетеміз, үшінші этапқа екеуміздің үйлену тойда болған биді көрсетеміз.
Бұл күні әр отбасы өзінің бірлігімен, татулығымен, өнері мен өнегесімен көрерменнің жүрегіне жол тапты. «Отбасым – мақтанышым» байқауы – тек жарыс қана емес, ол – махаббат пен сыйластыққа негізделген шаңырақтардың шынайы мерекесі. Мұндай шаралар жастарды отбасылық құндылықтарды қадірлеуге, ұлттық дәстүрді ұлықтауға, бірлік пен берекенің бағасын түсінуге үндейтіні анық.Өйткені мықты мемлекет – берік отбасыдан басталады.
Дильназ Қуанышбекқызы