Екібастұз қаласы – қарапайым кеншілердің қажырлы еңбегімен бой көтерген, тек көмірдің отаны емес, мерейі үстем, бірлігі бекем отбасылардың мекені. Соның дәлелі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Павлодар облысы бойынша жеңімпазы Тұрсынбаевтар отбасы. Жеңімпаз әулетпен арнамыздың түсірілім тобы танысып қайтты.
Мерейі тасыған отбасы ырысы мен ынтымағы жарасқан еңбек династиясы. Береке-бірліктерінің арқасында әулетте жарасымдылық, еңбекқорлық, татулық сынды қасиеттер сақталып келеді. Әрі отбасы мүшелерінің бір салада ұзақ жылғы еңбек өтілі мен көптеген жоғары марапаттары байқауда жеңіс жолына жетелей түскен.
Рауан Жантелиев, Екібастұз қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы
Бас жүлдені жеңіп алған Тұрсынбаевтар отбасы кенші әулеті, династиясы деуге болады. Олардың жалпы еңбек өтілі 219 жыл. Отбасының ерекшелігі барлығы осы кеніште қызмет атқарады. Бұл «Мерейлі отбасы» байқауының негізгі мақсаты, отбасы құндылығын дәріптеу.
Сейфулла Тұрсынбаев қарапайым кеншілер отбасынан шыққан, майдангердің ұлы. «Шахтер даңқы» белгісінің 3,2 дәрежелі, «Еңбек Даңқы» белгісінің толық кавалері.Қазір теміржол жабдықтарын жөндеу дирекциясының бас технологы. Осылайша бір салада 47 жыл еңбек атқарып келеді.
Сейфулла Тұрсынбаев, «Мерейлі отбасы» байқауының Павлодар облысы бойынша жеңімпазы
Менің әкем 57/58-60 жылдары машинист-экскаватор болып істеді. Шешем компрессор станцияда істеді. Центральный разрез ол кезде. Содан бастап бала кезімде әке-шешем разрезде істеген соң, Екібас көмір қала болған соң, разрез жақын жаяу барып, көріп отыратынбыз. Шешеммен еріп барғанда өзім ойлайтынмын мына разрезде істесем ғой деп. Сол бала кездегі немді арманымды орындадым.
Әулеттің отанасы Айгүл Тұрсынбаева осы «Богатырь Көмір» корпоративтік қорының атқарушы директорының орынбасары. Ол – жұмыс пен отбасын қатар алып жүрген қайратты әйел. Олар 2 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, өсірді.
Айгүл Тұрсынбаева, С.Тұрсынбаевтың жұбайы
Мен осы әулетке 17 жасымда келген едім. Келін емес, қыздарындай болып кеттім. Енем өте алтын адам еді. Мейірімді, қонақжай болатын. Әрқашан үйден қонақ арылмайтын, жас болған соң қолымнан ештеңе келе бермейтін. Сондай кезде енем күштетіп шаруа істетпейтін. Үнемі айтатын: «егер қаласаң, қасымда жүр, көріп. үйреніп аласың» деп. Солай барлығын үйрендік, оның даналығын көзі көргендер әлі де айтып жүреді.
Бұл отбасы – көпұлтты, тату-тәтті әулет. Ата-анамыз бізге ең алдымен еңбекке құрметпен қарауды, қандай істе болмасын талапшыл әрі жауапты болуды үйретті дейді балалары.
Амантай Дүйсен, көршісі
Жақсы көрші туысқанынан жақын болады дейді. Оған енді менің көзім жетті. Міне жас болса 70-ке келіп қалды, сол уақытта осылармен сыйласып, өзіміздің еншімізді бөлісіп,сұрақтарымыз болса көмек жасап, сыйластықпен араласатын жағдайымыз бар.
Мемлекет басшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Тұрсынбаетар – жұмысшы мамандықтың маңызын дәлелдеген еңбек әулеті. Олар үшін еңбек – күнкөріс емес, қадір-қасиеттің, намыстың өлшемі. Сондықтан да бұл жеңіс – тек бір отбасының емес, күллі еңбек адамдарының мерейі, мәртебесі екені анық.
Қымбат Садық