Павлодарда дәстүрлі түрде өтетін республикалық хакатон жарысы ұйымдастырылды. Бұл жас бағдарламашылардың тәжірибесін шыңдайтын, жаңа идеяларын ұсынатын маңызды алаң. Қатысушылар жасанды интеллект бағыты бойынша өз жобаларын қорғады.
Бұл жолы жарыста жасанды интеллектке арналған екі жоба ұсынылды. Студенттерге нақты берілген тапсырмалар екі күн ішінде орындалу қажет. Жобалардың сапасы мен мазмұнына ерекше мән берілді. Хакатонның мақсаты жастардың инновациялық ойлау қабілетін арттырып, заманауи технологияларды дамытуға жол ашу. Сайысқа 4 адамнан құралған 40 команда қатысты.
Нұргүл Джумадиева, Павлодар Hub басшысы
Қатысушыларға нақты тапсырмалар берілді. Мысалы, Indrive компаниясы үшін жасанды интеллект арқылы қосымшаның қызмет сапасын арттыру қажет болды. Ал банк саласына арналған жобада қызмет алушы мен қызметкер арасындағы байланысты жеңілдететін заманауи шешімдер ұсыну тапсырылды. Мұндай жобалар технологияны тәжірибеде қолдануға көмектеседі.
Хакатонға түрлі деңгейдегі жас мамандар қатысты. Арасында алғаш рет бақ сынап отырған студенттер, тәжірибелі жастар да бар. Әр қатысушы үшін бұл жарыс ерекше мүмкіндік. Мұндай шара жаңа буын мамандарын қалыптастыруға ықпалын тигізеді.
Жігер Жапар, қатысушы
Біз үшінші курс студенттеріміз. Хакатонға екінші курстан бастап қатысып келеміз. Бір жыл ішінде сегіз байқауға қатыстық. Басында ешқандай жүлде алмадық. Кейін тәжірибе жинап, нәтижелерге қол жеткізе бастадық. Хакатон біз үшін үлкен тәжірибе мектебі. Қысқа уақытта ауқымды жобаны жасауға үйрендік. Сонымен қатар жаңа адамдармен танысып, идея алмасуға және табыс табуға мүмкіндік бар.
Хакатон биыл Қазақстанның 20 өңірінде ұйымдастырылды. Жарыстың қорытындысы Астана қаласында өтетін Digital Bridge форумында жарияланады. Мұндай байқау жас бағдарламашыларға тәжірибе жинап, елдің цифрлық дамуына үлес қосуға жол ашады.
Сабина Жолдаспаева