Баянтау спорт сарайында бокстан облыстық чемпионат басталды. Бұл дода дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Жарыстың мақсаты үздіктерді анықтап, алдағы аймақтық және республикалық сындарға жолдама жеңіп алу. Чемпионатқа облыстың 200-ден астам жас боксшылары қатысты.
Олардың қатарында Ақсу мен Екібастұз қаласының, сондай-ақ аудан мен ауылдардың өрендері бар. Бүгін рингке шыққан қатысушылардың ішінде ел біріншілігінің жеңімпаздары мен Азия чемпиондары бар. Жас ерекшелігі бойынша 14-15 және 17-18 жастағы боксшылар сынғы түсті.
Аңсаған Рай, жаттықтырушы
Біз балаларды жыл сайынғы өтетін чемпионатында іріктеп алып, аймақтық және республикалық чемпионаттарға дайындаймыз. Оқу-жаттығу жиынын жүргіземіз. Павлодар қаласындағы жастар мен жасөспірімдерді іріктеп аламыз.
Жарысқа келгендердің басым бөлігі бірнеше жыл бойы бокспен айналысып жүрген спортшылар. Олардың арасында тәжірибелі, талай жүлделі орындарды иеленген боксшылар бар. Бұл чемпионат жастарға шыңдалып, жаңа белестерді бағындыруға берілген мүмкіндік.
Уәлихан Рамазанов, қатысушы
Мен 16 жастамын. Бокспен 8 жасымнан бастап айналысып келемін. Өзім Қазақстан чемпионымын. Осы жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Құдай қаласа, бірінші орын алып, Қазақстан чемпионатына барамыз. Оның алдында сборлар өтеді. Жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.
Чемпионат төрт күн өтеді. Қорытынды күні финалдық кездесулер өтіп, жеңімпаздар анықталады. Үздіктер қараша айында Талдықорған қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алып, облыс намысын қорғайтын болады.
Сабина Жолдаспаева