Ұлттық кітап күніне орай Павлодарда кітапхана түні ұйымдастырылды. Шара «Ауыл кеші - көңілді» деп аталып, облыс елдімекендері жайлы жазылған, өлкетану бағытындағы кітаптар көрмеге қойылды.
Шара ән шерумен басталды. Өнерпаздар «Кітапхана түніне» жиналған оқырман қауымға өнерлерін арнады. Биылдан бастап 23-сәуірді еліміз Ұлттық кітап күні ретінде белгіледі. Облыстық кітапхана ұйытқы болған бұл шара мазмұны негізінен мерейтой иелеріне бағытталды. Әр тұлғаның атына ауылдар құрылды.
Шара аясында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Павлодарлық шеберлер қолдарымен жасаған әсем әрі өнегелі бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды. Көбі бұрынан бері осы кәсіп еткен жандар.
Бұл Қалмұқан Исабаев ауылы. Онда биыл туғанына 100 жыл толған жазушының өмірі мен шығармашыфлығына орай шағын көріністер ұсынылды. Жазушының туындыларынан көрме қойылды. Дәл осы Қалмұқан Исабаев ауылында жас ақын Еламан Қабділәшімнің жаңа кітабы таныстырылды. Жинақта әдебиет тарихындағы тұлғалар жайлы эссе, мақалалары мен сұқбаттары топтастырылған.
Еламан Қабділәшім, жас ақын
Бұл публицистикалық жинақ. Үш бөлімнен тұрады. Онда Боранғаи Ырзабаев, Төлеген Мұқаев, Арман Қани секілді ақындар туралы мақалалар. Мұрат Әуез, Серік Ақсұңқарұлы, Бақыт Сарыбаев сияқты тұлғалармен сұхбаттар мен ойтолғаулар топтастырылған. Бұл мақалаларды жазудағы себебім, өзімнің кейіпкерлерімнің өміріне, шығармашылығына қызыққандықтан. Олардың шығармашылықтағы талантына тамсанғаным деп білемін.
Кітапхана түні аясында өзгеде ауылдарда әр түрлі шаралар өтіп жатты. Бірінде ұлттық ойындар ойналса, бірінде айтыс ұйымдастырылды. Шараны тамашалауға келген жастар кітапқа құмар екендіктерін айтады.
Аягөз Серікжан, Б.Ахметов атындағы жоғарғы педагогика колледжінің студенті
Кітап-біздің болашағымыз. Оны біздің болашақ ұрпақтарымыз, барлық ұрпақтар оқуы керек. Себебі, кітап бізді алға жетелейді. Кітап арқылы мәдениетімізді білеміз. Өзімсіздің ғана емес өзге де халықтардың тарихын, мәдениетін, құндылықтарын білеміз.
Айжан Назарбай, Б.Ахметов атындағы жоғарғы педагогика колледжінің студенті
Кітап жалпы білім өнеге, жас ұрпаққа керек. Көбіне Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқығанды ұнатамын. Абай Құнанбаевтың қара сөздері.
Шұғыла Бақыт, Б.Ахметов атындағы жоғарғы педагогика колледжінің студенті
Мен өзім Мұхат Әуезовты оқимын. Және Абай Құнанбаевты. Ол кісінің «Абай жолы» романы керемет шығарма. ОЛ Абайдың өмірі. Қандай отбасынан шықты соның барлығы бар. Оны Қазақстанның тарихы деп айтуға болады. Барлығы айтылады шығармассы арқылы.
Кітапхана түні «Ауыл кеші көңілді» деп аталғандықтан, ауыл жайлы, елдімекендердің тарихы жайлы кітаптар көрмесі арнайы түрде ұйымдастырылып, көпшілікке ұсынылды. Шара қонақтарының барлығы көрмедегі мол қазынамен танысып, кітап атты сиқырлы әлемнің сырына үңіліп қайтты.
Жанасыл Серікбол