Қазақстан республикасының орталық сайлау комиссиясының төрағасы Шарбақты ауданына барды

Өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шарбақты ауданына барды. Бұл сапардың мәні ерекше. 2023 жылы қараша айында – аудан тарихында алғаш рет әкімді жергілікті халық тікелей сайлау арқылы таңдады.

Әуелі елордалық мейман Шарбақты агро-техникалық колледж студенттерімен кездесті. Сондай-ақ білім беру мекемесінде аудандық сайлау комиссиясы орналасқан. Төраға комиссия жұмысымен де танысты. Бұдан соң студенттермен мәжіліс залында кездесті. Жиында мейман сайлау жүйесін трансформациялау үдерісі, енгізіліп жатқан жаңа өзгерістер мен бастамалар жөнінде айтып өтті. Бүгінде елімізде 246 аумақтық, 3021 округтік және 10 327 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Осы жылдың қаңтарынан бастап еліміздің саяси өмірінде маңызды өзгеріс орын алды. Енді облыстық маңызы бар қала мен аудан әкімдері тек тікелей сайлау арқылы таңдалады.

Нұрлан Әбдіров, Қазақстан республикасының орталық сайлау комиссиясының төрағасы

Елімізде 2400 ауыл әкімі бар. Қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан әкімдердің 98 пайызы – ауыл тұрғындарының тікелей дауыс беруі арқылы сайланған. Сіздердің Шарбақты аудандарыңыз – ерекше аудан. 2023 жылғы 5 қарашада елімізде пилоттық жоба өтті. Бұл жоба 45 елді мекенде, соның ішінде 42 аудан мен 3 қалада іске асырылды. Дәл осы жоба аясында сіздердің аудан әкімдеріңізді бүкіл аудан халқы сайлады. Бұл – жергілікті басқарудағы тарихи қадам.

Бұдан кейін кездесу Орловка ауылында жалғасты. Оған ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Айта кетейік, 2023 жылы 5 қараша күні Шарбақты ауданы әкімі халықтың таңдауымен тікелей сайланды. Сондай-ақ, Пилоттық жоба өңірдің үш ауданда өтті.

Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Халық қалаулары мен ауыл әкімдері осы уақыт ішінде орындалған жобалар туралы айтты.Сайлау комиссиясының төрағасы тікелей сайлау арқылы келген басшының жұмысына баға берді.

Бұндай кездесулер аса маңызды. Өйткені жергілікті басқару органдары мен халық арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Әйгерім Тоқпанқызы