Ұлттық бірліктің, жаңару мен жаратылыстың нышанына айналған Наурыз мерекесі өңірімізде жоғары деңгейде атап өтілді. Ал жер көгеріп,нағыз күн райы жылынған сәтте телеарна журналистері игі дәстүрден шет қалмады. Олар мерекені тек кәсіби қызмет аясында емес, ұмыт қалған салт-дәстүрлерді жаңғырта отырып, ерекше атап өтті.
Телерна ғимараты алдында ақшаңқан киіз үй тігіліп, наурыз көже ұсынылды. Мерекелік шара барысында арна ұжымы «Бірлік», «Көкөріс», «Шабыт» топтары болып түрлі салт-дәстүрлерді көрсетті. Оны тамашалауға телеарна ардагерлері, ұжым қызметкерлерінің балалары да қатысты.
Зәру Алшакирова, ардагер журналист
Мен осы телевиденияға 70 жылдан келгеннен бастап келген мына директорлардың мына Жұмабек Өркенұлы сияқты жүгіріп жүрген директорды көрген жоқпын. Барлығына қатынасып, халықтың бәрін ұйымдастырып, өте әдемі Наурыз болып өтті. Жаңалықтарда істеген қыздар, келіншектер, балалар, солардың бәріне мен өте ризамын. Рахметімді айтқым келеді. Осында істегеннен кейін күнде кешке жақын жібермеймін, күнде көріп отырамын.
Жер дүниенің жаңарған күнін телеарна ұжымы биыл ерекше форматта өтті. Микрофон ұстаған журналистер әуелетіп ән салып, көңіл-көтере би биледі.Қаланың қым-қуыт тіршілігінен бір сәтке алыстап, ақпарат ағынынан демалған тілшілер қауымы ұмыт қалған «Кемпір өлді», «Сырға салу», «Сірге мөлдірету», «Қоржын тарату» дәстүрлері мен «Аушадияр» әнін орындады. Қазылар алқасы әр топтың дайындығын жіті қарап, дәстүрдің тазалығына, көркемдігіне, мәні мен мағынасына ерекше назар аударды. Өз кезегінде телеарна қызметкерлері өнерден кенде емес екендігін көрсетті.
Ұлыстың ұлы күніне арналған шара сән-салтанаты келіскен мерейлі думан болды. Ертіс ұжымы тек тойлап ғана қоймай, рухани жаңғыруға, ұлттың мәдени мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізуге қадам жасап, мол үлес қосты.Бұл бастама көпшілікке үлгі болып, ұмыт қалған дәстүрлердің қайта жаңғыруына септігін тигізіп отыр.
Болат Аманбаев, ҚР журналистер одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы
Жалпы Ертіс телеарнасының тарихында мұндай киіз үй құрып, думандатып, үлкендерді, ардагерлерді жинап осындай көлемде атап өту бүгін бірінші рет. Жер аяғы кеңіп, көгіміз шығып, арқа басымыз кеңіп, көңіліміз көтеріліп жатқан, осындай шуақты күнде өтіп жатқан Ертіс телеарнасындағы Наурыздың ерекшелігі де, сәні де мол және тәрбиелік мәні жағынан ерекше Наурыз боп отыр. Өйткені бұрын қолданыста болған салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғылар осы Наурыздың басты нақышына айналды.
Мерекелік шараның тағы бір бөлігінде ұлттық ойындарымыз ұлықталып, кір тасын көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат ойындарынан сынға түсті. «Ең үздік ұлттық киім», «Ең дәмді көже», «Ең үздік салт-дәстүр» номинациялары табысталды. Осылайша арна ұжымы бір кісідей атсалысып, белсене қатысты.
Қымбат Садық