Павлодардың ең кішкентай тұрғындары бірлік күнін тойлады. №54 балабақшаның бүлдіршіндері тәрбиешілерімен бірге ақшаңқай киіз үй тігіп, дастархан жайды. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Достық – халық бірлігі» атты шара ұйымдастырылды.

Мерекелік шарада балалар мен ата-аналар 8 ұлттың киімдерін көрсетті. Олар өз мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы қызықты мәліметтермен бөлісті. Шарада ұлттық тағамдар көрмесі де ұйымдастырылды. Әрбір диаспора өз елінің дәстүрлі ас мәзірін таныстырды.

Нұрбике Сыздықова, Павлодар қаласы №54 балабақшасының қазақ тілі мұғалімі

Осы шара бізде әр жыл сайын ерекше аталып өтеді. Барлықтарыңыз білесіздер, Қазақстан ол көп ұлтты мемлекет, біздің мемелекет тату, достықты насихаттайтын үлкен ірі мемлекеттің біріміз. Бүгін түске дейін әр ұлт салт-дәстүр көрсетілсе, түстен кейін ұлттық ойындар ойналады. Балабақша алаңында үлкен киіз үй құрылып. Ол киіз үйдің ішінде әр ұттың тағамдары жасалынып тұр.

Балабақша тәрбиеленушілері, ата-аналар мен қызметкерлер бірігіп, жаппай би билеп, ән айтты.«Болашағы біз елдің» әнін бүлдіршіндер хоры орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Нұриля Зекіш, балабақша тәрбиеленушісі

Мен кәріс ұлтымын. Маған балабақша өте ұнайды. Мереке құтты болсын.

Бұл мереке балаларды елін сүюге, әр халықтың мәдениетін құрметтеуге тәрбиелейді.

Сабина Жолдаспаева