«Ертіс Орманы» табиғи резерватының орманшылықтары мен өрт сөндіру бөлімшелері енді бұрынғыдан көрікті болмақ. «Таза Қазақстан» және «Парктер шеруі» экологиялық акциялары аясында бұл аумақтарға екі мыңнан астам жеміс-жидек ағаштары отырғызылады. Толығырақ келесі сюжетте.
Бұл бастама қоршаған ортаны жақсартуға және жастардың экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған. Тек жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында резерват қызметкерлері облыстың жеті ауданының мектептерімен бірлесіп, қарағайдың 8 мың тұқымын отырғызған.
Гүлнар Елемесова,«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының экологиялық ағарту маманы
Жаңа жоба аясында орманшылықтар аумағын көркейту үшін 2 мыңнан астам жеміс-жидек көшетін отырғызуды ұйғардық. Бұл экологиялық қана емес, әлеуметтік жағынан да маңызды бастама деп ойлаймын. Алдағы уақытта жергілікті тұрғындар бұл жидектерді өз қажетіне пайдалана алады, сонымен қатар олар жабайы жануарларға да азық болады. Кеше бұл акция «Белгібай» орманшылығында басталды, онда 150 көшет отырғызылды. Ал енді міне жұмыстар Шалдай орманшылығында жалғасын табуда. Ертең бұл бастамаға Шарбақты ауылының мектептері де қосылмақ. Алдағы уақытта басқа да мекемелер қатысып, өз үлестерін қосады деп ойлаймын.
Орман егу науқаны басталды
Орман байлығы біздің өңірде ғана емес, бүкіл ел бойынша маңызды. Тіпті әлем бойынша десек те артық болмас. Өйткені, атмосферадағы оттегі осы орманнан бөлінеді. Яғни, жер бетінде орман болмаса адамзаттың өмір сүруі де тоқтайтын еді. Демек, Ертіс орманы резерватына жататын Шалдай орманы өңіріміздің баға жетпес байлығының бірі. Қазір мұнда тұқымбақтағы көшеттерді қазып алу шаралары атқарылуда.
Сырым Елемесов, «Ертіс орманы» резерваты бас директордың орынбасары
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бар, 2 млрд ағаш егу Қазақстан бойынша, соған үлесімізді қосып жатырмыз. Негізі жоспар бойынша 2114 га егу керек, Президенттің тапсырмасына байланысты 2500 гектарға егеміз.
«Ертіс Орманы» резерватында қазір агротехникалық жұмыстардың маңызды кезеңі, яғни, отырғызылатын материалды дайын учаскелерге көшіру жүреді. Екі жылдық көшеттерді қазып алу – орманды қалпына келтірудің ең жауапты процестерінің бірі екен анық. Сондықтан мұнда 50-ден астам адам тыңбай еңбек етуде.
Қымбат Садық